Биыл Төлеби ауданына 90 жыл! Төле бабаның кіндік қаны тамған табиғаты шұрайлы аймақ жұрты жыл басынан бері торқалы тойды атап өтуде. Мерейтойы аясында қаламгерлер және журналистердің еркін форматтағы кездесуі өтті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен басқосуға таулы аймақтан түлеп ұшқан, журналистер, медиахолдинг басшылары, қаламгерлер, жергілікті зиялы қауым өкілдері қатысты.

Кездесуді Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Ғалымжан Елшібай жүргізіп отырды. Еркін форматтағы жиында Төлеби ауданының 90 жылдығы аясында атқарылып жатқан іс-шаралар екшелді. Жыл көлемінде атқарылған шаруа баяндалды. 

Емен-жарқын жиынға қатысушылар белгілі жазушы Серік Жанәбілді 70 жасқа және танымал журналист Бақтияр Тайжанды 60 жасқа толған мерейтойымен құттықтады. Иығына шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді. Халық ортасынан табылатын БАҚ және зиялы қауым өкілдерінің пікірлері қашан да маңызды, дейді ұйымдастырушылар. Журналисттермен кеңесе отырып, елдің бірлігін нығайту, ауданды дамыту, туған жерді түлету жолында айтылған ұсыныстар назарға алынды. Өйткені туған жерді түлету – азаматтық парыз.