Шымкентте «Қызыл диплом» толықметражды фильмінің тұсаукесер көрсетілімі өтті. Фильм Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен түсірілген. Жастарға мамандық таңдауда бағдар беріп, оларды үлкен өмірге дайындау мақсатында фильмнің режиссері Серік Таласов шынайы оқиғаға сүйенгенін алға тартты.


Ата анасы баласы үшін шешім қабылдау қоғамдағы құбылыс.  Бұл әсіресе мамандық таңдау кезінде жиі кездеседі.  Фильм кейіпкерініңде  өмірінде осындай оқиға орын алады. Бүгінгі фильм желісі инженерлікті таңдап, бірақ ата-анасының ықпалымен заңгер мамандығын оқуға мәжбүр болған жігіттің оқиғасына негізделген. Басты рөлдегі Бекзатты – Ғ.Мүсірепов атындағы жасөспірімдер театрының актері Олжас Сақ, досы Талғатты Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының актері Руслан Нұрман сомдады. Шынайы оқиға әр азаматтың жүрегіне жол табады деген сенімдеміз, – деді режиссер.
Фильм мамандық таңдауда жолы болмаған Бекзаттың ұн қоймасында жүк тасушы болып жүрген кезінен бастау алды. Күнделікті табысын темекі, ішімдікке жұмсап жүрген Бекзат сыныптасы Талғаттың ірі компанияны басқарып жүргенін естіп, алдына жұмыс сұрай барады. Сөз арасында Талғаттың өз күшімен табысты болғанына күмән келтіріп, тіпті қайын жұртының мықтылығын айтып, кекетіп те үлгереді. Досының оңай табысқа кенелгісі келгенін түсінген Талғат оны дұрыс жолға бағыттау үшін бірге жүк тасуға қоймаға келеді. Алайда, Бекзат өзіне берілген мүмкіндікті елемей, түрлі қиындықтарға тап болады.
Айта кетейік, ұзақтығы 1 сағат 15 минуттық «Қызыл диплом» толықметражды фильмі жергілікті телеарналардан көрсетіліп, көрермен үшін YouTube желісіне де жүктелмек. Сондай-ақ, жоғары және орта арнаулы оқу орындарында, шалғай аудандардағы жастарға арнайы кино көрсетілім ұйымдастыру жоспарланған.