Түркістан облысының полицейлері заңсыз аңшылықпен айналысқан күдіктілерден қару-жарақ тәркіледі. Бұл туралы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.


Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесіп, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегін анықтады. Жедел уәкілдермен дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде Созақ ауданының тұрғындары, яғни күдікті екеу анықталды. Олардың бірі арнайы есепте тұрады. Полиция қызметкерлері күдікке ілінген ер адамдардың үйін тінту кезінде, арқар жануарына ұқсас  аңның еті, мүйізі мен басын тапты.   
Сондай-ақ сезіктілерден 2 дана тіркелмеген атыс қаруы, әртүрлі калибрлі 50-ден астам патрон, қару-жарақ оптикасы, кісендер, қолдан жасалған пышақ тәркіленді. Үйді тінту барысында есірткіге ұқсас заттар мен діни әдебиеттер де табылған. Алынған заттай дәлелдемелер тиісті сараптамаға жіберілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер қамауда.