Жаһандану кезінде отбасы тәрбиесіндегі олқылықтар өте өзекті проблемаға айналып отыр. Осы орайда, Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы биылғы алғашқы іс-шарасын өткізді.  «Әжемнің аялы алақаны...»  атты жиынға әріптесім де барып қайтты.


Оңтүстік өңірде ғана емес, жалпы еліміздегі алғашқы салт-дәстүр орталығы тағы бір ілкімді іске ұйытқы болды. Ата-бабаларымыздан қалған ұмытылуға шақ тұрған ұлттық тағамдар мен әдет-ғұрып, дәстүрлер насихатталды. Мектеп оқушылары мен жастарға бабалардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамыту жолдары көрсетілді.
Шара мақсаты қазақ халқының төл дәстүрін жаңа қырынан насихаттау. Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы басшысының сөзінше, көшедегі тез дайындалатын жеңіл тағамдарды, фаст-фуд өнімдерін көп тұтыну адам ағзасына зиян. Ал керісінше ұлттық тағамдардың денсаулыққа пайдалы екенін халық білу керек, - дейді орталық басшысы.  
Мипалау, жент, малта, майсөк, жаужүрек, жұқпа... Бүгінгі шарада осының бәрі қалай дайындалатыны келген көрермендер назарына ұсынылады. Күбі пісіп, қол диірменмен талқан дайындау; жүн түтіп, ұршық иіру; алаша мен кілем тоқу өнері де көрсетілді. Әжелер халық әнін айтып, өлең оқыды.  
Жиын соңында шараға ерекше атсалысып, әдет-ғұрыпымыздың ұлықталуына үлес қорсқан әжелеріміз марапатталды. Әжесі бар адамдар ешқашан қартаймайды, ал ұлттық дәстүр ұмытылмайды. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген ұрпақтың өсуіне замана көшіне ерсе де, ескілікті есінен шығармаған әжелердің арқалаған жүгі ауыр, артар сенім де мол.