Егер ол болмағанда қазақтың бірқатар жері қазір Ресейдің құрамында болар еді... Бірақ тарих нақты фактіге ғана сүйенуі керек. Тұжырым мен фантазияға орын жоқ. 20 наурыз мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Ахметұлы Тәшеновтың туған күні. Айтулы дата қарсаңында тұлғаның атын алған Шымкенттегі университет әдеби кеш өткізді.


Тәшенов республиканың саяси, экономикалық, мәдени дамуына басшылық жасаған жылдары қазақ мемлекетінің аумақ тұтастығының сақталуына көп еңбек сіңірді. Маңғыстауды Түрікменстанға қосу жөніндегі ұсыныстарға тойтарыс берді. Тың өлкесіне біріктірілген солтүстік облыстарды Ресейге, Оңтүстік Қазақстанның мақта егетін аудандарын Өзбекстанға беруге қарсы шықты. Қазақстан жерінде ядролық жарылыстар жасауға қарсылық білдірді. Шығармашылық одақтар өкілдеріне үй-пәтер бергендігі үшін Алматының ортасында “қазақ ауылын” құрды деп айыпталды. “Қазақ әдебиеті” газетін жабудан, “Социалистік Қазақстан” газетін “Казправданың” аудармасы етіп шығарылу қаупінен қорғап қалды. “Ұлтшыл” деп айыпталып, Н.Хрущевтің нұсқауымен қызметінен босатылды.  
Әдеби кеш Тәшенов университетінің бірнеше кафедра қызметкерлері, студенттерінің бірігуімен ұйымдастырылған. Жиынға ғалымдар, қоғам қайраткерлері, Жұмабек Ахметұлының көзін көрген жандар қатысты. Ұстаздардың айтуынша, ұлы тұлғалардың еңбегі ғасырдан ғасырға ұмытылмай жалғасып, аңыз болуы керек.
Жұмабектің атамыздың ең көп айтылатын ерлігі: Қазақ жерінің талан-таржыға салуға қарсы күресі. "Маған керегі лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында" деген тау тұлғалы Жұмабек Тәшенов осылайша Қазақстан жерінің халық меншігінде қалуына жол ашты. Өмірінің соңғы кезеңінде «Қаракөл» ғылыми-зертханалық институтында, Оңтүстік Қазақстан облысы талдау-есептеу орталығында қызмет атқарды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған.