Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған топ Өзбекстан Республикасына жұмыс сапарымен барды. Делегация құрамында туризм саласына жауапты басқарма мен мекеме басшылары, туристік фирма жетекшілері, қонақ үй өкілдері бар. Мақсат – Түркістан облысы мен Өзбекстан Республикасы арасында туризмді дамыту бойынша келіссөздер жүргізу.
Нұралхан Көшеров Ташкентте Өзбекстанның Көлік министрі Илхом Махкамовпен кездесіп, әріптестікті нығайту жолдарын талқылады. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін халықаралық әуежай жұмыс істейді. Түркістан облысының әкімдігі Түркістан мен Өзбекстанның қалалары арасында жаңа тікелей әуе рейстерін ашуды қолдауға дайын. Соның ішінде Түркістан – Үргеніш – Түркістан бағытын іске қосу мүмкіндігін қарастыруда. Сондай-ақ автокөлік және теміржол қатынасын жақсартуды, туристік бағыттарды дамытуды және туристердің шекарадан ыңғайлы өтуі үшін «жасыл дәліздер» ұйымдастыруды қамтитын бірлескен көлік-логистикалық жобаларды дамытуға да мүдделіміз, – деді Нұралхан Көшеров. Илхом Махкамов Өзбекстан үшін Қазақстанның маңызы жоғары екенін айта келе, ұсыныстар назарға алынып, әріптестікті нығайту жұмыстары жанданатынын жеткізді.