Бұдан былай қыз алып қашу – салт емес, қылмыс. Дәстүрді жалғастырмақ болғандар енді 10 жыл уақытын түрмеде өткізеді. 6 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекске жаңа «Неке қиюға мәжбүрлеу» бабы енгізілді.
Бұл норма адамды еркінен тыс неке қиюға күштегендерге қылмыстық жауапкершілік қарастырады. Енді мұндай әрекеттер ауыр қылмыс санатына жатады және кінәлілер жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал ауыр жағдайларда жаза мерзімі 10 жылға дейін ұлғаяды. Бұрын жәбірленушіні өз еркімен жіберген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен жалтаруға болатын. Ал енді жәбірленушіні босатқанына қарамастан жаза тағайындалады. Жаңа өзгерістер күшіне енген сәттен бастап ішкі істер органдары Қарағанды, Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстарында және Шымкент қаласында неке қиюға мәжбүрлеу дерегі бойынша жеті қылмыстық іс қозғады. Жүргізілген шаралар нәтижесінде 15 адам ұсталды. Әрбір іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, қылмыстардың барлық мән-жайлары анықталуда.