Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің білім саласын жаңа деңгейге көтеру үшін «Келешек мектептері» жобасына бастамашы болды. Осы бағытта Түркістан облысында білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамытуда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Келес ауданы, Абай ауылында «Келешек мектептері» жобасы аясында 600 орындық мектеп ел игілігіне пайдалануға берілді.


Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан білім ордасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мектепте спорт залы, мәдениет залы, асхана, коворкинг алаңдары, кітапхана, мәжіліс залы, арнайы пән кабинеттері мен шеберханалар бар. Сондай-ақ оқушылардың салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған ашық футбол алаңы да қарастырылған.


НҰРБОЛАТ БОТАБЕКОВ, №65 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫ

 – Мектепте сапалы білім алуға жағдай жасалған. Жасанды интеллектіні жүргізу үшін цифрлық зертханалар берілген. Спорт және өнер саласы барлық құралдармен қамтамасыз етілген.


№65 жалпы білім беретін мектебінің ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, ұстаздар мен оқушыларды құттықтады. Жаңа мектепті аралап көрген ата-аналар мен оқушылар ғимараттың кеңдігі мен сәніне ерекше ризашылықтарын білдірді.


ШЕРАЛЫ СӘРСЕНҰЛЫ, КЕЛЕС АУДАНЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

– Президентіміз жастар үшін барлық жағдайды жасап жатыр. Келешек жастарға қарап бой түзейді. Еліміз тыныш боп, жастар отансүйгіш боп өсе берсін.


 Айта кетейік, Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 29 «Келешек мектебі» салынып жатыр. Оның ішінде өткен жылы – 13, биыл 10-нан аса мектеп ашылды. Жыл соңына дейін тағы 5 жаңа мектеп пайдалануға беріліп, жоспар толық орындалмақ.