Бүгін "Оңтүстік" телеарнасының алғаш эфирге шыққанына тұп-тура 35 жыл. Осы аралықта медия мектеп ақпарат айдынын байытып, өңір дамуына өлшеусіз үлес қосты. Мерейтой аясында іргелі ұжым мерекелік телемарфон ұйымдастырды.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
«Телевизия – ауа-райының құбылмалы мінезіне, қарына, жаңбырына, аптап ыстығы мен сарышұнақ аязына қарамай қыр-даланы кезіп, көрерменге шынайы ақпарат таратуға тырысатын жауапты сала. Бүгін «Оңтүстік» телеарнасы 35 жылдық мерейтойын тойлап, көрерменмен тікелей байланыс орнатып жатыр.»
4 сағатқа созылған тікелей эфир барысында телеарна ұжымы тарих беттерін парақтап, өткенге шегініс жасады. Аға буын өкілдері есті естеліктерін айтып, қызықты оқиғаларымен бөлісті.
СЕРІК ӘБДУАЛИЕВ, ONTUSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ТІЛШІСІ (1994-2003)
– «Әлі тәжірибесі жоқ маман осында аға буынның тәлімін алдық. Біз үшін бұл қасиетті қара шаңырақ жәй ғана қызыл сөз емес. Шын мәнінде сарыауыз балапанды қанатын қатайтып, буынын бекітіп сонау алатауға көтеріп, алашқа танытқан арнамыз.»
Қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Абайұлы "Оңтүстіктің" іргелі ұжым екенін алға тартып, өңір дамуына қосқан үлес салмағын атап өтті. Шаһар басшысы Ғабит Сыздықбековтың құттықтау хатын жеткізді.
Мерейтойға орай қала әкімдігі телеарна базасына 5 компьютер сыйға тартты. Сәрсен Абайұлы арнаның дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан бір қатар ұжым мүшелерін марапаттады.
АЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ONTUSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ ШЕФ-РЕДАКТОРЫ
– «Жылдар бойы жасаған еңбегім еленіп, марапат алып жатқаныма өте қуаныштымын. Әріптестеріме шығармашылық табыс тілеймін. Телеарнамыздың мерейі үстем болсын! Айтарымыз айқын болсын, жазарымыз таусылмасын.»
Телемарафонға іргелі ұжым ұзақ дайындалды. Ауқымы кең жобаға 100-ге жуық маман жұмылып, заманауи технологияларды пайдаланды. Студиялық түсірілімге 20-дан аса қонақ келіп, телеарна жайында жылы лебіз айтты. Ұсыныс-пікір жолдады.
ОҢАЛБАЙ АЯШЕВ, ҰҒА АКАДЕМИГІ, ПРОФЕССОР
«Ж.Ташкенов университеті журналистика мамандығын ашамыз. Былайша айтқанда қоян-қолтық жұмыс істейміз. Қазақстан телеарнасының алға қойған мақсат-мұраты көп.» «Бірге боламыз.»
Мерейтой аясында телеарна 35 игі-іс жоба қолға алды. Көшет егіп, саябақты абаттандырды. Балалар үйіне барып, жас өреннің көңіл-күйін көтерді. Спорттық іс-шара өктізді. Қарттар күні аға буынға құрмет көрсетті.
АСХАТ САДЫРБАЙ, ONTUSTIK ТЕЛЕАРНАСЫНЫҢ БАС ПРОДЮСЕРІ
– «Барлық әріптестеріміз атсалысты. Қалай өткіземіз, қашан өткіземіз? Қандай форматта түсіріледі, кімдер қонаққа келеді деген көп талқылаулар болды. Көрермен эфирден көріп отыр. Меніңше бәрі ойдағыдай өтіп отыр.»
Арнаның алға қойған мақсаты айқын, жоспары нақты. Алдағы уақытта мекеме ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, жаңғыртуды көздейді. Телехабарлардың саны мен сапасын одан әрі көтеріп, ақпарат айдынын байыта түсуді әрі қарай жалғастырмақ.