Шымкенттік дәрігерлер алғаш рет бүйрек тасын алудың заманауи отасын сәтті орындады. Қалалық №1 клиникалық аурухананың уролог-дәрігерлері несептас ауруына шалдыққан науқасқа перкутандық лазерлік нефролитотрипсия отасын жасап шықты.
36 жастағы науқас ұзақ уақыт бойы АХЖ (аурулардың халықаралық жіктемесі) бойынша «несептас» диагнозымен есепте тұрған. Бұған дейін бірнеше рет ота жасалғанына қарамастан, дерті асқынып кеткен. Бұл жолы дәрігерлер заманауи, минималды инвазивті әдіс – перкутандық нефролитотрипсияны қолданды. Ота кезінде бүйрек тасы терідегі небәрі 1 сантиметрлік тілік арқылы алынады. Лазерлік және эндоскопиялық технологияның көмегімен тастар толықтай ұсақталып, жойылады. Мұндай операция несептас ауруын емдеудегі «алтын стандарт» саналады. Оның басты артықшылығы – отаның орнындағы жарақат үлкен болмайды, ал тиімділігі жоғары.Оңалту мерзімі қысқа өтіп, науқас отадан кейінгі күні өздігінен жүріп-тұра алады. Қалалық №1 клиникалық ауруханада алғаш рет жасалған бұл ота Шымкентте урологиялық қызметтің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетеді.
ДӘРІГЕРЛЕР ЕСКЕРТЕДІ
Құрметті Шымкент қаласының тұрғындары! Дәрігерлер маусымдық жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларды күшейтуді ескертеді. Қазіргі таңда тұмау, жедел респираторлық вирустық инфекциялар және басқа да маусымдық аурулардың таралу қаупі жоғары. Осыған байланысты төмендегі қарапайым сақтық шараларын қатаң сақтау қажет: көпшілік орындарға баруды барынша шектеу; бетперде тағып жүру; жеке бас гигиенасын сақтау; дәрігердің кеңесімен маусымдық екпе алуды ұмытпау. Денсаулығыңыз нашарлаған жағдайда өз бетіңізше ем қабылдамай, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.