«Халық заңгері» - акция Түркістан облысында да ауқымды шараға айналды. Бір күнде мыңдаған адам көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Мемлекеттік орган өкілдері, заңгерлері мен адвокаттар тұрғындарды қабылдап, тегін заң көмегін көрсетті.
«Халық заңгері» акциясы басталған сәттен бастап бірден өз қажеттілігін көрсетті. Оны қарапайым қазақстандықтар жақсы көрді. Бүгінде дәстүрге айналған жобаны барлығы тағатсыздана күтеді. Бүл жолғы акцияға келген Мұрат Мұхамеджан да керек кеңесін алды.
МҰРАТ МҰХАМЕДЖАН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Сұрағым бар еді. Осы салада жұмыс істегім келеді. Бүгін сұрағыма жауап алдым. Ұйымдастырушыларға рахмет.
Бастапқыда акцияға тек заңгерлер мен адвокаттар қатысты. Уақыт өте келе оларға Бас прокуратураның, әкімдіктердің,Әділет министрлігінің өкілдері, жеке сот орындаушылары, нотариустар, медиаторлар және басқа да мамандар қосылды. Жоба бүгінгі таңда өз нәтижесін беруде.
МҰРАТ ТІЛЕУБЕРДИЕВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ
Кез-келген азамат көкейінде жүрген өзекті мәселесі болса осы жерден тегін заң консультациясын ала алады. Бүгін мемлекеттік органдар бар, құқық қорғау органдары бар бәрін жинап отырмыз. Сонымен қатар алаяқтық қылмысын алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары да жүргізіліп жатыр.
2016-2025 жылдар аралығында облыста өткен акцияға 10000-нан астам үздік сарапшылар мен шешім қабылдайтын мемлекеттік органдардың өкілдері қатысқан. Құқықтық көмекке жүгінген 400 000-нан астам адам тегін кеңес алған.