Жас өрен аға буынның айнасы. Ол көргенін көшіреді, ата-ана іс-қимылын қайталайды. Сондықтан да үлкендер кішілерге қай жағынан болмасын үлгі болуы тиіс. «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен осы тақырыпта тағылымды кездесу өтті. Онда бала тәрибесі сөз болды.


«Спорт арқылы бала тәрбиесі: тәртіп, жігер, құрмет» және «Бала гигиенасы — денсаулық кепілі.» Күн тәртібіндегі мәселе осы. Арнайы шақырылған қонақтар осы мәселені қаузап, жан-жақты талқылады.


ҚАРАКӨЗ АШИМОВА, ЭКСПЕРТ

– «Бесенеден белгілі қазір бала тәрбиесі нашарлап барады. Телефоннан бас алмайтын, спортпен шұғылдануға құлықсыз балалар көп. Осы мәселені біздің эксперттер талқылап жатыр.»


Алма сабағынан алыс түспейді. Ата-ана балаға іс-әрекетімен, өмір салтымен үлгі болуы қажет. Егер үлкендер гигиеналық талаптарды сақтап, салауатты өмір салтын ұстанса оны көрген жас буын да спортты серік етеді. Эксперт пікірі осындай.


ДАРИЯ ТӨКҚҰЛЫЕВА, БАЛА ГИГИЕНАСЫ БОЙЫНША САРАПШЫ

– «Ана үйде не жейді, не істейді бала да соны қайталайды.» «Егер анасы түске дейін ұйықтай беретін жалқау болса бала да сондай болады.»


 Іс-шараның мақсаты – спорт арқылы балаларды тәртіпке, төзімділікке және өзіне сенімді болуға баулу жолдарын талқылау. Жиынға мектеп өкілдері мен мұғалімдер де қатысты. Енді олар семинардан алған ақпаратты, түйген ойды өз шәкірттеріне үйретеді.


БАУЫРЖАН БЕРТАН, №125 ЖОБМ ДИРЕКТОРДЫҢ ТӘРБИЕ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ

 – «Осында алған білімді енді мектеп қабырғасындағы оқушыларға түсіндіріп, арнайы сабақтарды өткізетін боламыз.»


Кездесу соңында ата-аналар мен педагогтар өзара тәжірибе алмасып, балалардың физикалық және психологиялық дамуына қатысты өз ұсыныстарын ортаға салды. Қатысушылар спорт пен денсаулық тәрбиесінің ұлт болашағы үшін аса маңызды екенін алға тартты.