Шалғайдағы ауылда алып спорт кешені. Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Абай ауылында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында заманауи спорт нысаны пайдалануға берілді. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров кешеннің ашылу салтанатына арнайы қатысып, келестіктердің қуанышымен бөлісті.
Биыл облыс көлемінде 102 спорт нысанын салу жоспарланған. Оған қажетті қаржы да бөлінді. Бүгінде 66 нысанның құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілді. Олардың қатарында ескек есу каналы, 5 спорт кешені, спорт залдары мен алаңдары және футбол манеждері бар. Салтанатты шарада алғы сөз алған өңір басшысы спорт нысандарының маңызын атап өтті.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Осындай ғимараттар – жас ұрпаққа жасалып жатқан инвестиция. Жастар спортқа бейімделіп, осындай ғимараттарда шыңдалып, келешекте Келес ауданынан әлем және олимпиада чемпиондары шықсын. Еліміздің көк байрағын әлемге таныта берсін.
Заманауи спорт кешенінің жобалық құны – 1,8 млрд теңге. Мұнда 250 жанкүйерге арналған жарыс залы, волейбол, баскетбол, күрес, аралас жекпе-жек және бокс залдары қарастырылған. Мұнда жаттығулар өткізіп қана қоймай, ірі жарыстар ұйымдастыруға да мүмкіндік бар.
Өңірде бұқаралық спортты дамыту бағытында халықаралық спорттық сайыстар легі де жалғасып келеді. Ел намысын қорғап жүрген спортшылар да жетерлік. Облыста спорт саласына қолдау көрсету жұмыстары жалғаса бермек.