Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаланың бірқатар шағынаудандарында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысты. Аралау барысында қала басшысы «Теріскей» шағынауданындағы жылу магистралінде атқарылып жатқан апатты-қалпына келтіру жұмыстарын тексерді.
Қазіргі таңда коммуналдық қызмет мамандары тұрғындарға жылуды мүмкіндігінше тез арада жеткізу мақсатында жөндеу жұмыстарын жедел қарқынмен жүргізуде. Әкім тұрғындардан түсіністік танытуды сұрап, аталған мәселенің жеке бақылауында екенін және барлық жұмыстардың жақын арада толық аяқталатынын атап өтті. Бұдан кейін Ғабит Сыздықбеков «Тұран» шағынауданының жаңа құрылыс аумағында табиғи газды іске қосу рәсіміне қатысты. Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен кездесуден кейін әкімнің тапсырмасына сәйкес бұл аймақты электр қуатымен, ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2024 жылы электр желісіне қосу жұмыстары аяқталса, биыл ауыз сумен қамту мәселесі шешімін тапты. Енді тұрғын үйлерге табиғи газ жеткізілді.Қала әкімі тұрғындарды осы маңызды оқиғамен құттықтап, құрылыс жұмыстарын сапалы және мерзімінде орындаған мердігер ұйымға алғысын білдірді. Барлығы 242 абонент газ жүйесіне қосылады деп жоспарлануда. Бұл бастама тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, шағынауданның дамуына серпін бермек.
Сонымен қатар әкім қазақша күреске арналған спорт кешенінің және «Dala Mall» сауда-ойын-сауық орталығының құрылыс барысын көріп шықты. Аталған нысандар жеке инвесторлардың қаражаты есебінен салынып жатыр. Спорт кешені кәсіби спортшыларды даярлауға және түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге арналған заманауи орталық болмақ. Ал «Dala Mall» жобасы аясында көпфункционалды орталықтың құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан іске қосылған соң жаңа жұмыс орындарын ашып, шағын және орта бизнестің дамуына елеулі үлес қосады. Аралау соңында Ғабит Сыздықбеков «Prime Food Factory» қамыр өнімдерін өндіретін зауыттың жұмысымен танысты. Кәсіпорын толық автоматтандырылған және заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.