Жастар театры Дулат Исабековтың «Әпке» пьесасын сахналады. Қайғы мен қуаныш, мейірім мен қамқорлық бейнеленген қойылым көрерменнің көңілін толқытып, көзіне жас үйірді.
Ата-анасынан ерте айырылған Қамажай үш бірдей бауырын өзі өсіріп, қамқорлығына алады. Мектептің еденін жуып, тиыннан теңге құрайды. Басты мақсат –бауырларын қатарынан қалдырмау. Әрбірінің қас-қабағын бағып, жетім көңілді жасытқысы келмеген әпке – ізбасарлардың бар еркелігіне көнеді. Жеке өмірді шетке ысырып, тұрмыс құрып, бөлек кетуден бас тартады.
РАСУЛ МЕДЕТОВ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
– «Отбасында қиын жағдайлар болады. Біреуі қыдырып кетеді. Біреуі жүріп кетеді. Солардың басын қосып, олардың азамат-азаматша болып өсуіне үлес қосуын сипаттайтын шығарма.»
Примераға Д.Исабековтың туыстары келді. Қойылымнан ерекше әсер алып, толқып шыққандарын айтады. Гүлден Исабекованың сөзінше, драматург шығармадағы өмірді өзі сүрген.
ГҮЛДЕН ИСАБЕКОВА, Д.ИСАБЕКОВТЫҢ НЕМЕРЕСІ
– «Дулат атамыз ата-анасынан ерте айырылғаннан кейін екі әпкесіне арнап осы қойылымды жазады. Қамқорлығын көрген. Кейіннен құрмет ретінде осы шығарманы сол екі бауырына арнаған.»
Басты рөлді театрдың көркемдік жетекшісі - Мөлдір Зияева сомдады. Эмоциональдық тұрғыдан күрделі, терең тебіреністі талап ететін образ тәжірибелі актриса үшін аса қиынға соқпаған. Кейіпкердің мінезін, ішкі жай-күйін, сезімі мен сенімін жас шәкірттердің өзі қалыптастырып берді дейді ол.
МӨЛДІР АЙДАРҚЫЗЫ, «ЖАСТАР» ТЕАТРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ЖЕТЕКШІСІ
– «Дәл соларға осы әпке кейпіндемін. Аса бір ізденісті талап еткен жоқ. Осылардың алдында шырылдап жүгіріп жүремін. Бұл жерде көркемдік жетекшімін. Олар маған дәл солай еркелейді.»
Қойылымның режиссері де жас. Өнер академиясын биыл тәмәмдаған Әлібек Қосубақтың бұл дебюттік спектакльі. Іштей толқып, қобалжу танытқан маман пьесаға 1 айдан аса уақыт дайындалған.
ӘЛІБЕК ҚОСУБАҚ, РЕЖИССЕР
– «Қойылымның көркемдік жетекшісі Қ.Қасымовқа алғысымды білдіремін. Қойылымды түсінуге, тереңінен ашуға көп септігін тигізді. Сонымен қатар театрдың көркемдік жетекшісі М.Айдарқызына да алғысымды білдіремін.»
Драммалық шығарма сезім сарайын сипап өтіп, жүректің жүгенсіз пернелерін дәл басты. Көрермен көзіне жас алып, сахнадағы кейіпкерлермен бірге өмір сүрді. Жылады, қуанды, мейірленді.