Созақта 200 орындық спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Аудан орталығы – Шолаққорған ауылында орналасқан ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталған. Нысан «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында жүзеге асырылды.
Аумағы 3 гектар болатын кешеннің оқу-жаттығу базасы заманауи стандарттарға толық сай келеді. Жаңа нысанның ашылуына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, спорт кешенінің лентасын қиды.
Нысан бір мезетте 100 спортшыға дейін қабылдай алады. Спорт кешенінде волейбол, күрес, аралас жекпе-жек, бокс залы бар. Тағы бір ерекшелігі – жабық бассейн орналасқан. Сондай-ақ кешенауласында шынығу алаңы, баскетбол және футбол алаңдары қарастырылған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бүгін Созақ төрінде қуанышты сәтте жолығып тұрмыз. Баршаңызды заман талабына сай жаңа спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауларында бұқаралық спортты дамытуды, халықтың денсаулығын нығайтуды тапсырды. Президент тапсырмасына сәйкес облыста спорт инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жұмыстар жүріп жатыр. Жаңа спорт нысандары ашылып, жастардың спортпен шұғылдануына жағдай жасалуда.
Ашылу салтанатынан соң ересектер арасында кіші футболдан республикалық турнир басталды. Сайыста еліміздің түрлі өңірлерінен келген 13 команда бақ сынауда. Айта кетейік, бүгінде Созақ ауданында 2 спорт мектебі мен 1 спорт клубы жұмыс істейді. Бұқаралық спортпен шұғылданушылардың саны 24 мың адамнан асып, аудан халқының 41 пайызын құрап отыр.