Бүгінгі Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардың кезектен тыс сайлауы – еліміздің болашақтағы дамуына тың серпін беретін саяси науқан. Шымкент қаласы Абай ауданы Тұлпар шағын ауданында орналасқан № 218 сайлау учаскесіне дауыс беруге келген қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов осылай деді.
Шалатай Мырзахметов кезінде Парламент Мәжілісінде депутаттық қызмет атқарған. Сондықтан бұл орган қызметінің қаншалықты күрделі, жауапты әрі маңызды екенін жақсы түсінеді. Парламент сапалы заңдар шығару арқылы және Үкіметтің қызметін қадағалап, халықтың атынан есеп алып отыру арқылы ел дамуына серпін береді. Сол себепті әрбір азамат бүгінгі сайлауға белсенді түрде қатысып, өз таңдауын жасаған жөн, — дейді абыз ақсақал.
Бүгінгі саяси науқанға Шалатай аға зайыбы Зина апаймен бірге келді. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесімен қапталдаса өтіп жатқан сайлауға ел ардақтылары ұлттық киімдерін кие келіпті.
№218 ші сайлау учаскесінде 2492 сайлаушы тіркелген. 22 бақылаушы бар. Олардың дені – үміткерлердің сенімді өкілдері.
Мәжіліс пен мәслихаттардың жаңарған құрамы халықтың әл-ауқатын жақсартатын, азаматтардың құқығын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және әділетті қоғам орнатуға ықпал ететін заңдар қабылдауы тиіс, дейді сайлаушылар.