Бүкіл мұсылман халқы үлкен ыждахаттықпен күтіп, қуанышпен қарсы алатын Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын Жетісай ауданының халқы салтанатты түрде атап өтті. Қасиетті мерекенің жоғары деңгейде өтуіне аудан өнерпаздары мен ауданды мекен еткен түрлі ұлт өкілдері де аянбай атсалысып, жұртшылыққа жылы лебіздерін білдірді. Сахналық көріністер қойылып, киіз үйлер тігілді. Қонақтарға мерекелік дәм ұсынылды.
5000 жылдық тарихы бар Наурыз – парсы тілінде певрардин айының бірінші күні. Яғни, Орта Азия Республикасында наурыз-көктем еңбек мейрамы ретінде 60-шы жылдың басынан бері тойланады. Ал, біздің елде 1988-жылдан бастап бүкіл халықтық мереке ретінде аталып өтілуде. Елеу-ескерусіз қалмайтын, заманына сай жаңарып, жаңғырып отыратын келешегі жарқын Жетісайда 30-дан астам ұлт өкілдері бар. Ынтымағы ұйысқан құтты мекенді ата қонысы санап, ұрпақ өрбітіп отырған әрбір этнос өкілдері бір-бірімен төс қағыстырып, ақжарма тілек айтысты. Орталық алаңға ақшаңқан киізүйлер тігіліп, қонақтарға мерекелік дастархан жайылды. Сағына күткен Наурыз көже тартылды.
Күллі дүниені жасандырып, табиғатқа нәр беретін, Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі өзге мерекелерден ерекше. Саналы ғұмырын елдің игілігі мен дамуына арнаған еңбек ардагері Күләш апа ұлттық құндылықтарды дәріптеп жүр. Санадан сөніп бара жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ұлттық келбетімізбен қайта қауыштырған мерекенің биыл жылдағыдан ерекше аталып өтіп жатқанын айтады.
Әр мереке-мейрамның өз орыны, сыр-сипаты, мән-маңызы бар. Әз-Наурыз мерекесі де өзінің табиғатқа төл жақындығымен, жаңару мен жақсарудан тұратын жайма шуақтығымен ерек. Бұл күн тек Наурыз көже дайындалумен шектелмей, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен кіші футбол мен ұлттық спорт көкпардан, күрес пен кір тасын көтеруден жарыстар ұйымдастырылды.