Бүгін Шымкент қаласы мәслихатының бірінші сессиясы өтті. Жиынға қала әкім Мұрат Әйтенов пен аудан әкімдері, басқарма басшылары, құқық қорғау органдары мен БАҚ өкілдері қатысты. 8-ші шақырылымдағы қалалық мәслихаттың депутаттары Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасынан куәлік пен төсбелгілерін алды. Сессия барысында күн тәртібіндегі 8 мәселе қаралды.


Енді Шымкент қалалық мәслихатында 32 депутат бар. Оның тең жартысы, яғни 16-ы бірмандатты округтер бойынша сайланған. Ал қалған 16 депутаттық орынға сайлауда 5 пайыздан артық дауыс жинаған «Аманат» партиясынан 11, «Ақ жол» партиясынан 3, «Ауыл» партиясынан 2 кандидат ие болды. Аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев депутаттарға куәліктер мен төсбелгілерін табыстады.
Қала мәслихатының депутаттарын шаһар әкімі Мұрат Әйтенов те құттықтап, жұмыстарына сәттілік тіледі.
Мәслихаттың бірінші сессиясынын ашқан қалалық аумақтық сайлау комиссия төрағасы Қайырбек Құнанбаев күн тәртібінде 8 мәселе барын айтты. Депутаттар арасында ашық сайлауда мәслихат төрағасы лауазымына Бахадыр Нарымбетов ұсынылып, шешім бірауыздан қабылданды. Әрі қарай сессия барысын мәслихат төрағасы жүргізді. Мәслихаттың  тұрақты комиссияларына төраға болып Альбина Елшиева, Дариякүл Қожамжарова, Шыңғыс Қозбахов, Айжан Наимбекова, Мерлан Керімжанов, Ноян Төлегенов сайланды. Жиын соңында мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов отырысты қорытындылап, 8-ші шақырылым жұмысы қаланың даму бағдарламасын қайта қараудан басталатынын айтты.
Биылғы сайлаудан кейін қалалық мәслихат 60 пайыз жаңарды. 7-ші шақырылымдағы депутаттар екі жыл ғана жұмыс істеген. Ал үш жыл бұрынғы депутаттар корпусымен салыстырсақ,  құрам 93 пайызғы жаңарған.
Жиын қортыныдысы бойынша мәслихаттың кезектен тыс сессиясы 3 сәуір күні, яғни алдағы дүйсенбіде өтеді. Ал кезесті сессия мамыр айының алғашқы онкүндігіне жоспарланды. Халық сенім білген депутаттар осылайша іске кірісті, мәслихат жұмысынан тұрғындар жаңа, тың серпіліс күтеді.