Ордабасы ауданының бірнеше ауылы таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Өткен жылы орнатылған су сүзгісінің жиі істен шығуы тұрғындарды мезі еткен. Сондай-ақ, Төрткөл ауылдық округіне қарасты елдімекендерде балабақша жоқтың қасы. Аудан әкімінің есебіне арнайы келген халық осындай әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Төрткөл ауылы тоғыз жолдың торабында орналасқан. Магистральді дәліз үстіндегі елді мекенде интернеттің мәселесі әлі толық шешілмеген. Көгілдір отынның аты болғанымен шын мәнінде әлі игілікке жарамаған. Алайда мәселенің шешімі жоқ емес.

Арыстанды және Нұра ауылдарында ұзын ырғасы 200-дей бала бар. Алайда мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге арналған балабақша жоқ.

Ауданда атқарылған шаруа аз емес. Мамандар тұрғындарды таза ауызсумен қамту ісінде талай жұмыс атқарған. Алайда жылға жетпей су сүзгісі істен шығып қалған. Соның салдарынан азаматтар зардап шегіп отыр.

Өткен жылы Төрткөл ауылының орталық көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Кезең-кезеңімен атқарылатын іске тұрғындардың шағымы көп. Бұл мәселеде аудан әкімі азаматтарды сабырға шақырды. Әлеуметтік түйіткілдер кіріс көзінің көбеюімен қатар оңтайлы шешілетінін жеткізді.