Шымкентте жыл басынан бері 8 адам тілсіз жаудың құрбаны болған. Бұл туралы қалалық Төтенше жағдайлар департаменті бастығы Мадияр Жақсыбаев баспасөз отырысы барысында мәлімдеді. Соңғы уақытта өрт оқиғаларының жиілеу себебі неде? Оның алдын алуда нендей шаралар атқарылып жатыр? Төтеншеліктердің ескеруін елемейтіндерге қандай жаза қолданылады?

Қала аумағында жыл басынан бері 62 өрт оқиғасы  тіркеліп, 125 млн теңгенің материалдық шығыны келген. Өкінішке орай, 8 адам қаза болған. Тілсіз жау көбінде тұрғын үй секторы мен автокөліктерде тіркелген. Сонымен қатар, қауіпті кезең басталғалы бері 412 жану жағдайы орын алған. Оның  77-сі  қоқыстың жану жағдайы болса, 125 - і құрғақ шөптің өртенуі салдарынан тіркелген.

Орман және дала өрттерін алдын алу мақсатында ағымдағы жылдың сәуір және мамыр айларында қала аумағында жалпы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында 53 шақырым, жергілікті автомобиль жолдарының бойларында 320,2 шақырым, орман қоры жерлерінде 300 шақырым және егістік алқаптарында 402,1 шақырым өртке қарсы минералды жолақ жырту жұмыстары жүргізілген. Қала аумағында жалпы 12 980 га құрайтын егістік алқабы  бар. Онда, 60 шаруа қожалығы орналасқан. "Жасыл Белдеу" және Түркістан облысына қарасты  «Бадам» орман шаруашылықтары 6 286 гектар.

 Синоптиктердің болжамына сүйенсек, алдағы уақытта күннің күрт ысуы байқалады. Осы орайда, төтеншеліктер тілсіз жаудың алдын-алуда қала тұрғындарынан көмек сұрайды. Қандайда бір өрт оқиғасын байқасаңыз «101» немесе «112» қызметіне қоңырау шалыңыз. Баспасөз отырысы барысында  бір тәуліктің ішінде құрғақ шөптің сондай-ақ, қоқыстың жануы туралы 20-30 қоңыраудың келіп түсетінін айтқан Шымкент қалалық ТЖД бастығы Мадияр Жақсыбаев ағымдағы жылы 30 мамырда жанған құрғақ шөптің салдары Жеке кәсіпкер Шариповқа қарасты қойма ғимаратына өтіп, 300 мың теңге көлемінде  материалдық шығынға алып келгенін тілге тиек етті.