Түркістандағы мемлекеттік қызметкерлер костюмін спорттық киімге ауыстырды. Қағаз қаламын допқа айырбастады.  Көне шаһарда 23 маусым – мемлекеттік қызметшілер күніне  арналған облыстық спартакиада бастау алды.

 Спорттық сайыстың ашылуында облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішев, Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Өркен Балажанов құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.

:Жарыс 5-9 маусым күндері аралығында рухани Астанада орналасқан спорт кешендерінде өткізіліп жатыр. Өңірдегі мемқызмекерлер волейбол, кіші футбол, қазақ күресі, жүзу, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бильярд сынды спорт түрлері бойынша бақ сынайды.

Мемлекеттік қызметшілері арасындағы спорттық дода Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлер кубоктармен, дипломдармен және медальдармен марапатталатын болады.