Домбыраның үні жүрекке жол тапты. Ұлттық домбыра күніне орай Шымкент қалалық арнайы кітапханасында ерекше форматтағы рухани кеш ұйымдастырылды. Зағип және көзі нашар көретін оқырмандар қасиетті аспаптың күмбірін тыңдап қана қоймай, ұлттық өнердің терең мәнін сезінді.


Шымкент қалалық арнайы кітапханасы ерекше жандар үшін тек кітап ордасы емес, рухани басқосу алаңына айналған. Мерекелік кеште жас күйшілер ұлттық өнерді дәріптеп, күмбірлеген күй орындады. «Ғибрат» клубының мүшелері мен өнерпаз қонақтар әннен шашу шашса, ақсақалдар ақ батасын беріп, домбыраның қасиеті мен қазақ руханиятындағы орнын әңгімеледі.


ЕРБЕК БАКИЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ АРНАЙЫ КІТАПХАНАСЫНЫҢ «ТИФЛОЛОГИЯ» БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ
Бүгін бізде Шымкент қалалық арнайы кітапханада зағип және көзі нашар көретін оқырмандарға орай бүгін 1-шілде домбыра күніне арналған «Қазағымның қазынасы домбыра»атты үлкен шығармашылық кеш өткелі отыр. Кештің негізгі мақсаты-қасиетті қара домбыраның қадірін арттырып,көрермендерге тереңірек дәріптеу болып табылады.


Кештің басты қонағы – дәстүрлі өнердің майталманы, Созақ ауданының Құрметті азаматы Кенжебай Шалұлы болды. Ол оқырмандармен емен-жарқын сұхбат құрып, әннен шашу шашты. Кездесудің әсерін халық әртісі, ұстазы Қайрат Байбосыновтың арнайы жолдаған бейнеқұттықтауы одан әрі арттыра түсті.


КЕНЖЕБАЙ ШАЛҰЛЫ, СОЗАҚ АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ

Құрметті Оңтүстік жұрты біріншіден қасиетті домбыра күні құтты мерекелі, берекелі, қайырлы күн болсын.Осы домбыра күніне қазақтың ұлттық аспабы арнайы қасиетті Қаратаудан шақыртумен, мүмкіндгі  шектеулі жандардың орталығына келіп тұрмын.


Домбыраның күмбірі мен ұлттық әнге сусындаған ерекше жандар бұл кештен көтеріңкі көңіл күймен тарқасты. Ұйымдастырушылар мұндай рухани кездесулер ұлттық құндылықтарды насихаттап қана қоймай, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың мәдени өмірге белсенді араласуына мүмкіндік беретінін айтады.