Жылдамдық пен дәлдікті ұштастырған емхана. Басы ауырып, балтыры сыздаған шымкенттіктер №14 емханаға асығады. Неге? Сапа мен қызмет, кәсібилік пен жаңашылдық тоғысқан мекеме заманауи талаптарға сай қызмет көрсетеді. Емхана жол жүруге мүмкіндігі жоқ науқастарға арнайы көлік бөліп, тасымалдау қызметін ұйымдастырған.
Медициналық мекеменің қалада үш бөлімшесі бар. Үшеуі де шаһар орталығынан шалғай орналасқан елді мекендерде орналасқан. Мәселен, 20 мыңнан аса тұрғыны бар «Ынтымақ» шағын ауданында бұрын-соңды мұндай емхана болмаған. Азаматтар қала орталығына қатынап ем алуға мәжбүр еді. Енді олар алысқа сабылмайды. Алдын ала өтінім берсе, арнайы автобус науқастың үйіне барып, емханаға тасымалдайды.
МАРЖАН ТҰРСЫНБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Ауылымыз сәл жырақтау болса да, қатынайтын автобус уақытылы жүріп тұрады. Қажетті дәрілерді уақытылы алып отырамыз. Дәрігерлер кестеге сәйкес жұмыс істейді.
САЙДУЛЛА НҰРМҰХАМЕДОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Біз бұрын Тұран, Тұрлан емханаларына баратын едік. Ол жақта жолдамамен ана жаққа, мына жаққа жіберетін еді. Мына жақ жақсы болды. Барлығы бір жерде.
Орталықтың диагностикалық мүмкіндіктері жоғары. Компьютерлік томография, цифрлық рентген, маммография секілді озық технологиялар арқылы жылдам әрі нақты диагноз қойылады. Былтыр емхана аккредитациядан сәтті өтіп, бірінші санатқа ие болды. Бұл – көрсетілетін қызмет сапасының жоғары екенін және дәрігерлердің біліктілігін айғақтайды.
НҰРМАХАН МӘУЛЕНОВ, №14 ЕМХАНА МЕҢГЕРУШІСІ
11 дәрігерлік аймағымыз бар. Бейінді мамандар толық құрамда жұмыс істейді. Зертханалық талдаулардың 200-ге тарта түрі жүргізіледі. Тексерістердің 80–90 пайызы өзімізде атқарылады.
Емдеу орталығы бес блоктан тұрады. Жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайды. Мұнда отбасылық дәрігерлік бөлімнен бастап, ана мен бала денсаулығына арналған орталық, диагностикалық және емдеу кабинеттері жұмыс істейді. Аппараттар жаңа әрі соңғы үлгіде болғандықтан, диагноз қою мен тағайындалатын емнің дәлдігі де жоғары. Ең бастысы, бұл қызмет қала орталығынан шалғай орналасқан елді мекен тұрғындары үшін өте тиімді.
ОРЫНША ТӘЖІБАЕВА, ЖИДЕЛІ ЕЛДІ МЕКЕНІ ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАЙЫМЫ
Дәрілеріміз уақытылы жеткізіліп жатыр. Медбикелер жақсы күтім көрсетеді. Қанды да қалаға барып тапсырып әуре болмаймыз. Бәрі өзімізде бар.
Мекемедегі медициналық қызмет түрлерінің қатары толығып келеді. Амбулаториялық хирургия, заманауи зертханалар мен цифрландырылған жүйелердің сапасы күн сайын артып келеді. Дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылып, мамандар тұрақты түрде қосымша оқытудан өтеді. Жас буынға медициналық көмекпен қатар психологиялық қолдау көрсетіліп, салауатты өмір салты насихатталады.