Жаңа Ата заң еліміздің дамуына тың серпін береді. Бүгін 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі тарихи күнге орай мегаполистегі зиялы қауым бас қосты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан конституциялық реформа адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Ол қоғамдық келісімді нығайтуға, тарихи-мәдени мұраны сақтауға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген мемлекеттік дамудың жаңа бағдарын айқындайды. Алғашқы болып сөз алған қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек маңызды құжаттың мәні мен маңызына тоқталды.

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жаңа Конституция еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіріп қана қоймай, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім мен жауапкершіліктің жаңа үлгісін қалыптастырады. Ата заңның басты ерекшелігі – адам құқықтары мен бостандықтарын ең жоғары құндылық ретінде айқындауы. Сонымен қатар заң үстемдігін нығайтуға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды нормалар қамтылған.

Ата заңда отбасы институтын қорғау, мемлекеттің зайырлы сипатын нақтылау, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту қағидаттары да айқындалған. Сондықтан ел болашағын айқындайтын басты құжаттың талаптарын сақтау және оны қорғау – әр азаматтың ортақ міндеті.


БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
Бұның қадір-қасиетін түсініп, еліміздің өркендеуіне әрқайсымыз үлес қосуымыз керек. Ата заңның маңызын әр азаматқа, әсіресе жастарға түсіндіру – баршамыздың міндетіміз.


Жаңа Конституция елдің тұрақты, қауіпсіз әрі орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырады. Жоба қоғам мүддесін толық қамтуы үшін оны талқылау процесіне еліміздің барлық өңіріндегі азаматтар белсенді қатысты.

ӘБДЕЗ РАХМАНҰЛЫ, «ТІЛДЕРДІ ОҚЫТУ-ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» ДИРЕКТОРЫ
Қоғамнан түскен ең көп ұсыныстардың бірі тілге қатысты болды. Бұл ұсыныс ескеріліп, Конституцияға тілге қатысты жаңа бап енгізілді.

Конституция саяси, құқықтық және қоғамдық дамудың жаңа бағыттарын айқындап отыр. Ата заң елдің тұрақты, қауіпсіз әрі орнықты дамуына берік құқықтық негіз қалыптастырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі болып қала береді.