Шымкентте жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды. Дәстүрлі дода биыл да мықты спортшылардың басын қосты. Жарысқа әлемнің 11 елінен келген 250-ге жуық атлет қатысып жатыр. Турнирдің ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.


Биылғы жарыстың деңгейі жоғары. Әлемнің әр елінен келген қатысушылар төзімділіктерін сынап, дайындықтарын паш етуде. Атлеттерді қолдауға елге белгілі спортшылар да келді. Бағдарламаға жүгіру, секіру және кедергілер арқылы жүгіру сияқты сайыстар енгізілген. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан қала әкімі турнирдің маңызына айрықша тоқталды. Халықаралық турнир биыл 35-рет ұйымдастырылып отыр.


АСХАТ ХАСЕНОВ, ҚАЗАҚСТАН ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Спортшылар осындай ірі деңгейде ұйымдастырылатын жарыстарға қатысып, өз шеберлігін шыңдай алады. Ауқымды дода өз деңгейінде өтеді деп ойлаймын. Екі күндік жарыста жеңімпаз атанған спортшыларға қаржылай сыйлықтар табысталады.


Турнир екі күнге созылады. Спортшылар 27 жекелей сайыс түрі мен 4 эстафеталық жарыста өзара бақ сынайды. Жеңіл атлетиканың түрлі бағытын қамтитын бұл бәсекеде жылдамдық пен төзімділік қатар сынға түседі.


СЕРГЕЙ ТУЛАПИН, ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА БОЙЫНША АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Бұл жарысқа елімізден бірқатар спортшыны дайындадық. Олар өз жаттығу алаңдарында арнайы сынақтан өтіп, дайындық жүргізді. Бүгін сол дайындықтың нәтижесін көрсетіп жатыр.


Жарыстың алғашқы күнінде қатысушылар жүгіру мен секіру бағыттары бойынша сынға түсті. Ал 400 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында Аделина Земс қарсыластарын басып озып, қашықтықты 55 секундта еңсерді. Осыған дейін талай додада топ жарып шыққан Азия чемпионатының жеңімпазы бұл турнирге ерекше дайындалғанын айтады.


АДЕЛИНА ЗЕМС, ТУРНИР ЖЕҢІМПАЗЫ
Бүгін мен алғаш рет кедергілер арқылы жүгірдім. Алдын ала бәрін есептеп, дайындық жүргіздім. Оңай болды деп айта алмаймын, қиындықтар да кездесті. Бірақ бәрін еңсердік, бапкеріммен жақсы жұмыс істедік. Бүгінгі нәтижеме қатты қуанып тұрмын, өте ризамын.


Бұл турнир спортшыларға әлемдік рейтингте ұпай жинауға және алдағы халықаралық додаларға іріктелуге мүмкіндік береді. Жарыстың жалпы жүлде қоры 53 000 АҚШ долларын құрайды. Қаржылай сыйақы әр дисциплина бойынша жеңіс тұғырынан көрінген қатысушыларға табысталады.