Бүгін елімізде жаңа Конституция күшіне енді. Ата заңға бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Ең бастысы онда мемлекет тәуелсіздігі мен егемендігін қорғау, адам құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету мен қоғам бірлігін нығайтуға ерекше мән берілген.

Жаңа құжатта отаншылдық, еңбекқорлық, білім мен прогресс, қоғамдық диалогты дамыту сынды құндылықтар да аталған. Бұған қоса экологиялық жауапкершілік, тарихи-мәдени мұраны сақтау, ұлттық мәдениетті қолдау алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді. Мемлекеттік басқару жүйесінде Конституциялық Соттың рөлі нақтыланып, Қазақстан Халық Кеңесі халық мүддесін білдіретін консультативтік орган ретінде енгізілді. Адам құқығын қорғау тетіктері де күшейтіліп, жеке деректер мен цифрлық қауіпсіздік, зияткерлік меншік заң аясында айқындалды.