Заңсыз ойын бизнесі, қаржылық алаяқтық пен ұрлықтың алдын алу мәселелері Түркістан облысында өткен арнайы жиында талқыланды. Басқосуда өңірдегі қылмыстық ахуал сараланып, құқық қорғау органдарының жұмысы пысықталды.
Жиында соңғы уақытта тұрғындарды алаңдатып отырған пәтер, мал, автокөлік және ұялы телефон ұрлығы сөз болды. Мамандардың айтуынша, кейбір аудандарда мұндай қылмыс түрлері әлі де тыйылмай отыр. Осыған байланысты рейдтік және профилактикалық шараларды күшейту міндеті қойылды.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Заңсыз ойын алаңдары бойынша талдау жүргізіп, алдын алу шараларын күшейту қажет. Мемлекеттік мекемелерде жұмыс істейтін, құмар ойындарға әуес қызметкерлер анықталса, бұл туралы бірден облыс әкімдігіне хабарлауды тапсырамын. Барлық тиісті шаралар заң аясында қабылдануы тиіс.
Жиында заңсыз ойын бизнесі мен қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимылға ерекше назар аударылды. Соңғы жылдары онлайн-казино мен қаржылық пирамидалардың құрбаны болғандардың саны артып келеді. Сондықтан өңір басшысы жауапты мекемелерге заңсыз ойын бизнесінің жолын кесу, қаржылық алаяқтықтың алдын алу және халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.