«Жиған-тергенің тойға шашылсын» дейміз. Бірақ бұл сөздің астарында қандай мән жатыр? Той – ұлттық дәстүрдің көрінісі ме, әлде адамды қарызға батыратын даңғазалық па? Өзбек драма театры Абдулла Қадыридің «Той» пьесасын сахналап, осы сауалға жауап іздеді. Аста-төк дастарқан мен бәсекеге құрылған думан – қонақжайлық па, әлде дарақылық па? Толығырақ – сюжетте.

Трагикомедияда шетелде еңбек етіп жүрген Салихтың тағдыры суреттеледі. Туған жерден жырақта жалдамалы жұмыс істеп, әр тиынын үнемдеп жүрген жігіт шағын ғана той өткізуді армандайды. Алайда бұл шешіміне туыстары қарсы шығады. «Ел не дейді? Жұртқа сөз боламыз» деген түсінік ақыры дарақы тойға ұласады. Құдалық, сый-сияпат пен орынсыз шығын Салихты қарызға батырады. Арада бір жыл өтпей отбасы баспанасынан айырылып, тығырыққа тірелген ерлі-зайыптылар қайғылы қадамға барады.

ГУЛИРАЪНО РАСУЛОВА, КӨРЕРМЕН
«Ұят болмасын, былай істейік-былай істейік деп қанша адам қарызға батып, оны уақытылы төлей алмай жүр. 2 сағаттық той өтіп кетеді, артында қарыз қалады.»

Жүз жылдан астам уақыт бұрын жазылған шығармаға театр ұжымы заман талабына сай өзгерістер енгізген. Дегенмен, қойылымның негізгі идеясы өзгермеген. Қоюшы режиссердің айтуынша, даңғазалық пен ысырапшылдық бүгінгі қоғамда да өзекті мәселе болып қала береді.

ЖАВЛОН САЙИТОВ, ҚОЙЫЛЫМ РЕЖИССЕРІ
1915 жылы Абдулла Қодири жазған драманы біз трагикомедияға бұрдық. Қазіргі аста-төк дастархан, дарақы той, күлкіге қалып жүргенімізді комедия арқылы жеткізгіміз келді.

Өзбек драма театры осы қойылыммен 23-театр маусымын қорытындылады. Алдағы уақытта өнер ұжымы көрерменге Шыңғыс Айтматовтың шығармасы желісімен қойылған жаңа спектакльді ұсынуды жоспарлап отыр.