Қару мен қаламды қатар ұстаған қаламгер. Белгілі журналист, жазушы Ерлан Қуандықтың «Көңіл күнделігі» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Құқық қорғау саласында ұзақ жыл қызмет еткен автор бұл туындысында полицей өміріндегі шиеленісті оқиғаларды, журналистикадағы жолын, өмірден түйген тәжірибесі мен әдебиет туралы толғаныстарын оқырманға ұсынады.

Қаржы полициясында қызмет атқарып, басқарма бастығы болған Ерлан Қуандықтың ішкі толғанысы оны қайтадан қалам ұстауға жетеледі. Кейін «Оңтүстік» телеарнасында редактор, 31-арнада журналист болып еңбек етті. Сондай-ақ «Полиция KZ» және «Теміржолшы» басылымдарында мақалалар жариялап, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерді. «Көңіл күнделігі» – қаламгердің төртінші кітабы. Бұған дейін жарық көрген «Тектілік», «Терме алтын», «Адастырмас арман» атты еңбектері оқырман тарапынан жылы қабылданған.

ЕРЛАН ҚУАНДЫҚ, ЖАЗУШЫ-ЖУРНАЛИСТ
Журанлистикаға қалай келдім? Не үшін бұл мамандықты таңдадым деген тақырыпта ой өрбіттім. Одан бөлек ата-анам жайлы жылы естеліктер бар. Ал құзырлы органдарда істеп жүрген кездерімдегі резонанс тудырған оқиғалар жайлы әңгімелер де еніп отыр кітапқа.

Кітаптың тұсаукесеріне зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен кітапсүйер қауым қатысты. Аға буын ақ батасын беріп, оқырмандар жылы лебізін білдірді. Әріптестері Ерлан Қуандықтың кәсіби ізденісі мен шығармашылық қарымын жоғары бағалады. Журналист Зәуре Оралбаеваның айтуынша, ол – қай салада жүрсе де өзекті тақырыптарды көтеріп, оқырманға ой салатын әмбебап қаламгер.


ЗӘУРЕ ОРАЛБАЕВА, ЖУРНАЛИСТ, «ӘДІЛЕТ» ТЕЛАРНАСЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ
Нағыз журналист ол экономиканы да, құрылысты да, ауыл шаруашылығы саласын да меңгерген, жаза алатын болуы керек. Міне, Ерлан сондай әмбебап маман. Телевизия саласында жүргенде Ерлан араласпаған тақырып болған жоқ!