«Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында Шымкентте мемлекеттік мекемелер мен сала мамандары қала тұрғындарына тегін құқықтық көмек көрсетті. «Халық заңгері» акциясы аясында өткен қабылдауда 70-тен астам тұрғын өздерін толғандырған сауалдарына жауап алып, түйткілді мәселелерін шешудің жолдарын білді.
Шымкент қаласының тұрғыны Сейітәлі Нақыповты жер мәселесі талай жылдан бері толғандырып келеді. Осыған байланысты ол «Халық заңгері» акциясына қатысып, сала мамандарынан тегін құқықтық көмек алды. Қабылдау барысында басқарма қызметкерлері мәселені заң аясында шешудің жолдарын түсіндіріп, қажетті кеңес берді.
СЕЙІТӘЛІ НАҚЫПОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл жерге арнайы мекеме өкілдері келеді дегенді естіп, тегін көмек алуға келдім. Маған мамандар заң аясында кеңес берді. Енді құжаттарымды сотқа өткіземін. Содан кейін қайтадан басқарма мамандарынан көмек аламын.
Тұрғындарды негізінен жер, алимент, мүлік даулары, сондай-ақ интернет алаяқтарының заңсыз әрекеттеріне қатысты мәселелер алаңдатады. Құқықтарын қорғауды көздеген азаматтар арнайы алаңда мамандардың кеңесіне жүгінді.
АЙНҰР ТАСБОЛАТОВА, НОТАРИУС
Бізге егде жастағы азаматтар көп келеді. Олар көбіне мұра мен өсиетке қатысты мәселелер бойынша көмекке жүгінеді. Біз құқықтық көмек аясында тұрғындарға тегін кеңес береміз.
Айта кетейік, бұл бастама өткен жылдан бері жүзеге асып келеді. Мұнда жауапты мекемелер тұрақты түрде тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай қабылдау форматы азаматтардың мәселесін артық әуре-сарсаңсыз шешуге мүмкіндік береді.