Түркістан облысында есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтіледі. Жыл басынан бері тіркелген құқықбұзушылықтар жауапты мекемелерді шұғыл шара қабылдауға итермеледі. Мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы жиында қаралып, шекарадағы бақылауды күшейту мен синтетикалық есірткіге қарсы жұмысты жетілдіру міндеті қойылды.


Биыл облыста шекара арқылы есірткі өткізудің 30 дерегі анықталды. Заңсыз айналымға қатысты 155 құқықбұзушылық тіркелді. Интернетте синтетикалық есірткіні насихаттаған 537 сайт пен ресурс бұғатталды. Ал алдын алу бағытында 883 іс-шара өткізіліп, тұрғындарға кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Арнайы рейдтер барысында қоғамдық орындардағы есірткі жарнамасы салынған 225 граффити жойылды. Жиын соңында өңір басшысы құқық қорғау органдарына есірткі қылмысына қарсы іс-қимылды күшейтіп, әсіресе жастар арасындағы профилактикалық жұмыстарды үздіксіз жүргізуді тапсырды.