30 отбасы баспаналы болды. Шымкентте мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру жалғасуда. Соның нәтижесінде жыл сайын баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік алған отбасылар саны артып келеді. «Көрме» орталығында өткен салтанатты рәсімде қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жаңа пәтерлердің кілтін табыстады.
Қала әкімі тұрғындарды қуанышты сәтпен құттықтап, әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тіледі. Сондай-ақ тұрғын үй саласын дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Пәтерлер «Отбасы банк» АҚ-ның «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалары аясында берілді. Көпқабатты тұрғын үйлер заманауи инженерлік инфрақұрылыммен қамтылып жатқан Бозарық шағынауданында орналасқан.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
«Әрбір азаматымыз табыс көзін растап, жеңілдетілген несиелік бағдарлама арқылы баспана алды. Пәтерлер Бозарық шағынауданынан беріліп жатыр. Барлығы заманауи инженерлік-техникалық инфрақұрылыммен қамтылған.»
Баспаналар көпбалалы отбасыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, мүгедектігі бар азаматтарға, сондай-ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне табысталды.
ЭЛЬМИРА ИСАБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Шынын айтсам, қатты қобалжып тұрмын. Бұрын үй ала алмаймын деп ойлайтынмын. Сөйтсем, бәрі мүмкін екен. Бүгін өз баспанамның кілтін алдым.»
Төлемет Тауасар 24 жасында баспаналы болды. Арнайы бағдарлама арқылы тұрғын үй кезегіне тұрып, бір жылға жетпей жаңа пәтердің кілтін алды.
ТӨЛЕМЕТ ТАУАСАР, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бүгінде мегаполисте 95 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Жыл басынан бері 2500 азамат жеңілдетілген пайыздық мөлшерлемемен баспаналы болған. Айта кетейік, тұрғындардың жеке баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту - қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттарының бірі болып қала береді.