Бүгін мыңдаған жас үшін көптен күткен күн. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің түлектері диплом алып, үлкен өмірге жолдама алды. Ширек ғасырға жуық тарихы бар оқу ордасы осы уақытқа дейін ондаған мың маман даярлап, елдің әр саласына қанат қақтырды. Биылғы салтанатты кештің әсерлі сәттерін тілшіміз жалғастырады.
Бес жылдық еңбек бүгін өз жемісін берді. Академик Ә.Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетін биыл 4700-ге жуық студент тәмамдады. Солардың бірі – дизайнер мамандығын игерген Аружан Райымбекова. Бала күнгі арманына бір табан жақындаған жас маман енді алған білімін ел игілігіне жұмсауды мақсат етеді. Ұстаздарына деген алғысы да ерекше.
АРУЖАН РАЙЫМБЕКОВА, БІТІРУШІ ТҮЛЕК
Биыл жоғары оқу орнын тәмамдап жатырмын. Мамандығым-дизайнер. Бізге бес жыл бойы тәлім берген ұстаздарыма алғыс айтамын. Енді елдің өркендеуі жолында қызмет етеміз.
Бұл күн - тек түлектердің ғана емес, ата-аналардың да қуанышы. Баласының қолына диплом алғанын көру - жылдар бойғы еңбектің өтеуі. Сондықтан қуанышқа ортақтасуға келген әрбір ата-ананың тілегі бір - перзентінің болашағы жарқын болуы.
СӘУЛЕ ЖҰМАҒҰЛОВА, АТА-АНА
Осы университетті биыл қызым бес жыл оқып, бітіріп жатыр.Барша оқытушыларға алғыс айтамын.Түлектерге ақ жол, өмірде жолдары ашық болсын.
Бүгінде ширек ғасырға жуық тарихы бар университет 75 мыңнан астам маман даярлаған. Мұнда студенттер тек теориялық білім алып қана қоймай, ғылыми ізденіспен де айналысады. Білікті профессор-оқытушылар құрамы олардың кәсіби қалыптасуына бағыт-бағдар беріп келеді. Соның нәтижесінде оқу орнының түлектері бүгінде елдің әр саласында абыройлы еңбек етіп жүр.
РАБИҒА ҚУАТБЕКОВА, АКАДЕМИК Ә.ҚУАТБЕКОВ АТЫНДАҒЫ ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Біз студенттерімізге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеміз. Бүгін 4700-ге жуық студентіміз диплом алып жатыр. Жалпы бізде бакалавриатта 52, магистратурада 13, докторантурада 3 бағдарламаға бойынша мамандықтар бар.500-ге жуық оқытушылар құрамы, 25 академик, 125 ғылым дәрежесі бар кандидаттар бар.
Диплом табыстау рәсімі мерекелік концертке ұласты. Әсем ән шырқалып, көтеріңкі көңіл күй салтанатты кештің сәнін кіргізді. Ал жас мамандар үшін бұл күн студенттік өмірдің жарқын белесін қорытындылап, жаңа өмірге бастар алғашқы қадам ретінде есте қалмақ.