Арман болған баспанаға тағы 30 отбасы қол жеткізді. Шымкентте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға Бозарық шағынауданындағы жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табысталды.
Жаңа қонысқа ие болғандардың қатарында көпбалалы отбасылар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және бюджеттік сала қызметкерлері бар. Заманауи талапқа сай салынған тұрғын үйлер барлық инженерлік-коммуникациялық желілермен толық қамтамасыз етілген. Бұл – тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ
Бүгінгі таңда кезекті 30 отбасыға 30 пәтер кілті табысталды. Олар Бозарық мөлтек ауданында орналасқан. Барлық коммуникациялар барлық жерлер толық заманауи талапқа сәйкес қосылған пәтерлеріміз. Яғни бүгінгі пәтер алушылар қатарында көпбалалы отбасылар ата-ана қамқорсыз қалған балалар және мемлекетті және бюджеттік ұйым қызметкерлері болып табылады.
Жаңа пәтер иелерінің бірі – көпбалалы ана Ұлбосын Аблаева. Ол бес жыл бұрын тұрғын үй кезегіне тұрған. Бүгін көптен күткен баспанасының кілтін алып, арманына бір табан жақындады.
ҰЛБОСЫН АБЛАЕВА, КӨПБАЛАЛЫ АНА
Мен осы Отбасы банкке бес жыл алдын кезекке тұрғанмын. Бүгін міне сол сәт келді. Кілт алып отырмын. Өте қуаныштымын. Барлығына жұғысты болсын. Көпбалалы ана ретінде мен осы Отбасы банктен кезекпен үй алып отырмын. Бозарықтан тоғыз қабатты үйден алып отырмын.
Қазір Шымкентте тұрғын үй кезегінде 90 мыңнан астам азамат тұр. Осыған байланысты тұрғындарды баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасып, жыл соңына дейін әлеуметтік санаттағы тағы бірқатар отбасы жаңа қонысқа ие болады деп жоспарланып отыр.