Шымкенттік таэквондошылар халықаралық турнирде үздік нәтиже көрсетті. Қырғызстанның Ыстықкөл ауданында өткен додада жерлестеріміз 58 медаль жеңіп алды. Әлемнің 7 мемлекетінен мыңнан астам спортшы қатысқан жарыста шымкенттіктер 17 алтын, 20 күміс және 21 қола медаль еншіледі.
11 жастағы Бақдәулет таэквондомен үш жылдан бері айналысады. 28 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жас спортшы халықаралық турнирде үш қарсыласын да айқын басымдықпен жеңіп, чемпион атанды. Жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, Қазақстанның Әнұранын шырқатты. Ендігі басты мақсаты – ел чемпионатында топ жарып, жетістігін қайталау.
БАҚДӘУЛЕТ БҰХАРБАЙ, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
Мен Қырғызстанда үш қарсыласпен күш сынастым. Барлығын жеңіп шықтым. Таэквондода жарақат алу ықтималдығы төмен.
Халықаралық турнирде ел намысын абыроймен қорғаған спортшылардың барлығы – «Хваранг» таэквондо академиясының шәкірттері. Шымкентте 16 филиалы бар академияда 4 пен 17 жас аралығындағы балалар жаттығады. Қазір мұнда 1200-ге жуық шәкірт тәлім алуда. Жас спортшыларды қара белбеу иегерлері мен әлем чемпиондары жаттықтырады.
ИМАМАДДИН ЖҰМАБАЕВ, ЖАТТЫҚТЫРУШЫ
Біздің балалардың шеберлігі жылдан-жылға шыңдалып келеді. Бұрынғыға қарағанда әлдеқайда мықты. Қателіктерімізбен жұмыс жасап, алдағы уақытта медальдар санын еселейміз деген ниеттеміз.
«Хваранг» таэквондо академиясы спортқа қызығатын балаларды қабылдауды жалғастыруда. Мұнда балалар мен ересектерге арналған кешенді оқу-жаттығу бағдарламалары қарастырылған. Академияда шәкірттер тек спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, тәртіпке, сыйластыққа және жауапкершілікке тәрбиеленеді.