28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында журналистер ұлттық спорттан өзара бақ сынады. Түркістанда өткен жарыста БАҚ өкілдері асық ату мен тоғызқұмалақтан сынға түсіп, мергендік пен зеректікті байқасты. Игі бастамаға Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Журналистер мен блогерлер клубы ұйытқы болды.

 «Достық үйінде» ұйымдастырылған жарыс ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, әріптестер арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақты нығайтты. Қатысушылар қазақтың төл ойындарына қызығушылық танытып, тартысты додада өз шеберліктерін көрсетті.

ЖҰЛДЫЗ ӨТЕГЕНОВА, ЖУРНАЛИСТ
Біз үшін ең бастысы қатысу және достық қарым қатынасты дамыту. Мен өзім тоғызқұмалақтан қатыстым Әріптесім асық атудан қатысып жатыр.  

Қатысушыларды кәсіби мерекемен құттықтаған ұйымдастырушылар ұлттық спортты насихаттаудың маңызын атап өтті. Ал жарысқа шыққан журналистер асық ату мен тоғызқұмалақтан шеберліктерін көрсетіп, тартысты бәсеке сыйлады.

ЕРСҰЛТАН ӘМІРБЕК, ЖУРНАЛИСТЕР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Өз мерекесінде журналистер қазақтың ұлттық спорт ойындарын дәріптеп жатыр.

Тартысқа толы өткен жарыс соңында үздіктер дипломдар мен арнайы сыйлықтарға ие болды. Мұндай бастамалар журналистер арасындағы достықты бекемдеп қана қоймай, ұлттық спорттың кеңінен насихатталуына да үлес қосады.