Қылқалам арқылы қоғамдағы өзекті мәселеге үн қосты. Шымкенттік жастар есірткіге қарсы көзқарастарын суретпен бейнелеп, үздіктерді анықтады. Байқау Халықаралық нашақорлыққа және есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес күні қарсаңында ұйымдастырылды.
Шара «Шымкент қаласының жастары арасында нашақорлықтың алдын алу» жобасы аясында өтті. Қатысушылар есірткінің зардабын, салауатты өмір салтының артықшылығын және дұрыс таңдаудың маңызын өз туындылары арқылы жеткізді. Әр суретте болашаққа деген жауапкершілік пен өмірге деген оң көзқарас көрініс тапты.
АРМАН БЕЙСЕНБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ
26 маусым Халықаралық нашақорлыққа қарсы күні. Әкімшілікпен бірлесе отырып осы үлкен іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Жастарды осы есірткіден аман алып қалып, оның зияндылығын түсіндіріп, осы іс-шараны ұйымдастырдық.
Қазылар алқасының шешімімен Сұлтанбек Бақытұлы бірінші орынға ие болды. Нұрсұлу Есполатқызы мен Нұрайым Еренбай екінші орыннан көрінсе, Анула Алтынбек үздік үштікті түйіндеді.
АНУЛА АЛТЫНБЕК, 3 ОРЫН ИЕГЕРІ
Мен суретімде төбесіне тақырыпты қойып, ортасына екі таңдауда тұрған баланың суретін салдым. Бірі өз уақыты босқа жұмсап, нашақорлыққа салынған баладан, салаутатты өмір салтына түскен баланың бейнесын салдым. Бүгінгі жарыста жүлделі үшінші орын алдым.
Байқауда жастар сурет арқылы есірткінің зардабын ғана емес, өмірдегі дұрыс таңдау әркімнің өз қолында екенін де көрсете білді. Жеңімпаздар дипломдармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
ЕСІРТКІГЕ ЖОҚ ДЕ!