Ақпарат саласының үздіктері марапат төрінен көрінді. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай Шымкентте журналистерге мемлекеттік наградалар табысталды. Биыл алғаш рет Президент тапсырмасымен өңірдегі БАҚ өкілдеріне де пәтер кілттері берілді.


Журналистерді баспанамен қамту бастамасы бұған дейін тек елордада жүзеге асып келген еді. Биыл бұл игі үрдіс өңірлерге де жол тартты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мерекеге арналған салтанатты жиында аймақ журналистерінің еңбегі жоғары бағалануы тиіс екенін атап өтті.


ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ
Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады.


Шымкентте БАҚ өкілдерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қабылдап, Президент атынан мемлекеттік марапаттарды табыстады. Осы күні «Оңтүстік» телеарнасының редакторы Аида Ташева мен «Уақыт» газетінің бас редакторы Момынхан Құдретіллә пәтер кілтін алды. Сонымен қатар, «Оңтүстік» телеарнасының редакторы Эльмира Тұрлыбекова Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің Алғыс хатымен марапатталды.


ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
Сіздердің мамандықтарыңыз енді білесіздер ғой алтын көпір дейді. Одан бөлек барлық ақпаратты өздеріңізден біліп отырамыз. Сіздердің еңбектеріңіз, орындарыңыз ерекше. Үлкен құрметке иесіздер сіздер.


Жалпы, кәсіби мереке қарсаңында Шымкенттің оннан астам журналисі мемлекеттік наградалар мен қала әкімінің Алғыс хаттарына ие болды. Биыл республика бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана табысталмақ. Соның ішінде өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің де еңбегі ескеріліп, жаңа бастама алғаш рет аймақ журналистерін қамтыды.