Жаңа таныстық, жаңа тәжірибе, жаңа мүмкіндік. Шымкентте АҚШ-тың Тәуелсіздік күніне арналған халықаралық фестивальде 200-ден астам жас бас қосты. Танымдық кездесулер мен шығармашылық алаңдарда қатысушылар шетелдік спикерлермен пікір алмасып, түрлі мәдениеттерді жақынырақ таныды.
Фестивальдің әр алаңы жастарға жаңа мүмкіндік ұсынды. Бірі шеберлік сағаттарына қатысса, енді бірі интеллектуалды ойындарда бақ сынады. Ағылшын тілінде еркін сөйлесіп, жаңа орта қалыптастыруға да жағдай жасалды.
АЙЖАН ӘБДІРАХОВА, ЖОБА ҮЙЛЕСТІРУШІСІ
Бүгін бұл іс-шарада бірнеше зоналар болады.Яғни келушілер интеллектуалды ойын ойнап, күнді қызықты өткізеді.Сондай-ақ, Америка елінен келген баяндамашылар да бар.
Фестивальге арнайы келген америкалық спикерлер жастармен ашық форматта жүздесті. Олар білім алу, көшбасшылық және жеке даму жайында әңгімелесіп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар да көкейіндегі сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты.
ЕРМҰХАМЕД МҰҚАН, ЕРІКТІ
Бүгінгі шараға 250 адам келіп қатысып жатыр. Америка мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық байланысты нығайту мақсатында ұйымдастырып отырмыз.
Осындай халықаралық кездесулер жастарға тек жаңа білім ғана емес, жаңа байланыс орнатуға да жол ашады. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасып, Қазақстан мен АҚШ жастары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түсетініне сенімді.