Бүгін ақпарат айдынында еңбек етіп жүрген бір топ жас журналист Қазақстан Журналистер одағының қатарына қабылданды. Жаңа мүшелерге арнайы куәлік пен төсбелгіні Шымкент қалалық филиал төрағасы Саламат Болатұлы табыстады. Сондай-ақ, талай жыл бойы салада тер төгіп жүрген майталман мамандарға марапаттар берілді.
Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, сөз құдіретін жанына серік еткен Бақтияр Тайжан қоғамдағы өзекті мәселелерге белсене араласып келеді. Шындықтың салмағын саралап, ақиқаттың ақ туын абыроймен көтерген журналист республикалық басылымдарда жемісті еңбек етіп, кәсіби шеберлігін кеңінен танытты. Ақпарат саласында табанды қызмет істеген майталман маманға бүгін «Қазақстанның құрметті журналисі» атағы берілді.
БАҚТИЯР ТАЙЖАН, ЖУРНАЛИСТ, «ПАРАСАТ» ОРДЕНІНІҢ ИЕГЕРІ
Менің мамандығым-қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.Студенттік жылдары Қыдырбек Рысбекұлы деген менің досым болды.Бірге спорттық жарыстардан қалмай, қатысып жүрдік.Іс-шараларда жиі жүрдік, қызығушылық пайда болды да, спорт туралы мақалалар жаза бастадым.Журналистикаға спорт арқылы келдім.
Ал Ақмарал Шахановବ – медицина саласында мінсіз қызмет атқарып келе жатқан ақ халатты абзал жан. Өткен жылы кәсіби шеберлігін танытып, төрт бірдей адамның өмірін өлім аузынан арашалап қалды. Елеулі еңбегі мен қоғам алдындағы жауапты қызметі жоғары бағаланып, бүгін Қазақстан Журналистер одағы тарапынан «Алтын медаль» алды.
АҚМАРАЛ ШАХАНОВА, ЖЕДЕЛ МЕДИЦИНАЛЫҚ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ
Менің бұл салада қызмет атқарып келе жатқаныма 29 жыл болды.Талай адамның өмірін арашалап қалуға атсалыстым. Қандай да бір қиын жайт кездессе, алға шепте журналистермен бірге жүреміз.Бүгін еңбегім еленіп, одақтың алтын медалін иеленіп жатырмын.
Биыл мүшелікке қабылданғандардың дені – жастар. Солардың бірі – Анэль Әлімбекқызы. Бүгінде жас маман телевизияның қара шаңырағы саналатын «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Шымкент қалалық филиалында табысты еңбек етіп келеді. Тәжірибесін ұштап жүрген ол жауапкершілік жүгі ауырлағанын айтады.
АНЭЛЬ ӘЛІМБЕКҚЫЗЫ, ЖУРНАЛИСТ
Телеарнаға жұмысқа кіріп, «ҚР Журналистер Одағына» мүше болу-мен үшін үлкен мәртебе. Енді бізге жауапкершілік жүгі артылды, өз міндетімізді адал әрі шынайы атқару-басты міндетіміз деп санаймын.
Бұдан бөлек, Шымшаһардың ақпарат кеңістігінде қызмет атқарып жүрген бірқатар тілшілер де Қазақстан Журналистер одағының қатарына қабылданды. Бірқатарына арнайы марапаттар берілді. Бұл – күнделікті қоғам тынысын дөп басып, ел мен халық арасындағы алтын көпірге айналған журналистер еңбегіне көрсетілген ерекше құрмет.