Қала тұрғындарын толғандырған өзекті мәселелер Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында кеңінен талқыланды.Жиында жол қозғалысын реттеу, айтып келмейтін апатқа дайындық, тұрғын үй саласындағы түйткілдер жайы көтерілді.
Отырыста алдымен Әл-Фараби ауданы аумағында жүзеге асырылып жатқан жобалар таныстырылды. Әсіресе «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүргізіліп жатқан абаттандыру жұмыстары мен тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы бастамалар жайы сөз болды. Жиында тұрғындарды алаңдататын түйткілдер де назардан тыс қалған жоқ. Кеңес мүшелері қала көшелеріндегі көлік қозғалысын реттеу мәселесі мен ретсіз сауда орындарын тәртіпке келтіру жайын көтерді.
БЕЙСЕНКҮЛ НАРЫМБЕТОВА, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
Қазір «Қырғы базар» мен «Ақпан батырға» дейін жабайы сауда әлі тұр.Бұл базарлардың маңында аяқ алып жүрі мүмкін емес.Иіссуды түнде шығарады.Бұл қаладағы жол сапасын бұзып жатыр.Мәселені қалай бір жолға қоясыздар?
МАРАТБЕК МЫҚТЫБЕКОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Иә, бұл базарда «жабайы сауда» әлі де бар.Бірақ, біз тосқауыл қою үшін әрекет жасадық.Зерделедік, ұсыныс бар. Қазір қала әкіміне өтініш жолдадық.Қолдаса, сол жерді ретке келтіреміз.
Басқосуда азаматтық қорғаныс саласындағы жұмыстар да айтылды Жауапты басқарма төтенше жағдай кезінде тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған паналау орындарының дайындығы жөнінде баяндады.
ҚАЙРАТ БЕКБАУОВ, ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Сейсмикалық жағдай бойынша айтып өтейін.Бұл табиғи апаттан 252 мың адам зардап шегеді, болашақта 120 мың адам панасыз қалуы мүмкін.Бұл мәселені бір жолға қою үшін біз алдағы бес жылдыққа жоспар түздік, арнайы палаткаларды да алып жатырмыз.
Тұрғын үй саласында қордаланған мәселелер де кеңес отырысында кеңінен талқыланды. Басқосу барысында бұл бағыттағы түйткілдерді шешу мен саладағы жұмыстардың тиімділігін арттыру мәселесі көтерілді.
БІРЖАН БАЙТУОВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС МҮШЕСІ
Үй кезегінде мемлекеттік қызметкер ретінде тіркелген тұлғаның қартайған ата-анасы мен мүгедектігі бар баласы болса, төменгі қабаттағы пәтерден үй беріледі.Бірақ, соны ескермей, жоғары қабаттан пәтер алған жағдайда, үйді төменгі қабаттағы пәтерге ауыстыруға бола ма?
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.
Иә, пәтерді мемлекеттік қызметкерлерге «Отбасы банк» береді.Банк бөлімшесіне барып, жағдайды түсіндіріп, өтініш жазу керек.Банк мақұлдаса, ауыстыруға болады.
Жиын қорытындысында кеңес мүшелері көтерілген мәселелер бойынша ұсыныстарын айтып, жауапты басқармаларға нақты міндеттер жүктеді. Айтылған бастамалар қалада қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталмақ.