Шымкентте шығыс жекпе-жегімен кәсіби түрде шұғылданатын ақсақал тұрады. Ол 40 жылдан астам уақыттан бері кунг-фумен айналысып келеді. Айтуынша, спорттың бұл түрі адамды шапшаңдыққа, ептілікке және жинақылыққа баулиды.
74 жастағы Болатбек Нұрманов кунг-фу мен у-шуды жетік меңгерген. Ақсақал шығыс жекпе-жегін Қытайдың Гванджоу қаласындағы монастырьда үйреніп, шаолинь дәрежесін алған. 70-жылдары кеңінен танылған Брюс Ли мен Джеки Чанға еліктеген оның қызығушылығы ақыры Қытайға алып барған. Қарияның айтуынша, бастапқыда қытайлық шаолинь шеберлері қазақ баласына сенімсіздікпен қарап, жатырқай қабылдапты.
БОЛАТБЕК НҰРМАНОВ, ШАОЛИНЬ
Олар мені бағаламады басында. Бірінші емтихан кезінде емтихан алушыны ұрып жықтым. Сосын барып олар мені мойындап, монастырьға қабылдады.
Гванджоудағы монастырьда үш жыл білім алған ол шығыс жекпе-жегінің қыр-сырын терең меңгереді. 1981 жылы Харбин қаласында өткен у-шудан әлем чемпионатында топ жарады. Ал 1983 жылы кунг-фудан әлем біріншілігінде жеңімпаз атанады. Қара белбеу иегері атанған соң елге оралып, шәкірт тәрбиелеуге ден қояды.
БОЛАТБЕК НҰРМАНОВ, ШАОЛИНЬ
Мұның бокстан, күрестен, самбодан ерекшелігі – кунг-фу жұмсақ спорт саналады. Пластикалық әрекет көп. Кейбіреулер мұны әртістікке, биге ұқсатады. Бірақ мұның бәрі – қорғаныс тәсілдері.
ҚАНАТ ҚҰЛБАЙ, ТІЛШІ
Шаолинь шеберінің айтуынша, кунг-фуда бастысы – шабуыл емес, қорғаныс. Қарсыластың соққысын дарытпай, қауіптің алдын алу әдістерін бүгінде Болатбек ақсақал жастарға үйретіп, шеберлік сағаттарын өткізіп жүр.
Жетпіс төрт жастағы ақсақал әлі күнге дейін тұрақты түрде жаттығу жасап, дене шынықтырады. Оның айтуынша, денсаулығының мықты болуы мен қимылының ширақ болуы – спортпен үздіксіз айналысудың нәтижесі. Бүгінде ол ізінен ерген жас буынға ақыл-кеңесін айтып, салауатты өмір салтын ұстануға үндеп келеді.