Түркістан облысында табиғатты қорғау бағытындағы ауқымды жұмыстар өз нәтижесін бере бастады. Кезінде жойылып кету қаупі төнген, сирек кездесетін жануарлардың бірі ¬- Бұхар бұғысының саны бүгінде 319-ға жетті. Баспасөз турына келген журналистер Сырдария бойында орналасқан арнайы тұқымбаққа барып, сирек түрдің тіршілігімен жақын танысты.
Бұхар бұғысын сақтау бағдарламасы осыдан ширек ғасыр бұрын басталған. 1999 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының қолдауымен Қызылшаруа орманшылығы аумағында арнайы қорықтық тұқымбақ құрылып, жойылып бара жатқан жануарларды қайта көбейту жұмыстары қолға алынған еді. Бүгінде 22 гектар аумақты алып жатқан бұл арнайы орталық толық қоршауға алынып, заманауи бақылау жүйелерімен жабдықталған.
АЙГЕРІМ ТӘЖИЕВА, «СЫРДАРИЯ-ТҮРКІСТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ӨҢІРЛІК ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ
Жиырмасыншы ғасырдың ортасына дейін бұхар бұғысы өмір сүрді.Бірақ, сол жылдар ішінде қайта жойылып кетті.2000 жылдары қайта қалпына келтіру жұмыстары басталды. Қазір өңірлік табиғи парк құрылып, жүйелі жұмыстардың арқасында бұғылар саны көбейіп отыр.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде саны күрт азайған Бұхар бұғысы бүгінде 300-ден асты. Оның бір бөлігі арнайы тұқымбақта өсірілсе, қалғаны Сырдария бойындағы табиғи алқаптарға жерсіндірілген. Әрбір жануар мамандардың тұрақты бақылауында. Фототұзақтар арқылы олардың қозғалысы мен тіршілік ету жағдайы үздіксіз қадағаланып отырады.
ФЕДОР НИКОЛАЕВИЧ, АҒА БҰҒЫШЫ
Бұғыларды арнайы бейнебақылау арқылы бақылап отырамыз.Жататын жерлеріне тұз себеміз, кенеден қорғаймыз.Күніне әр басқа 3-4 кг жем береміз.
Табиғатты қорғау бағытындағы жұмыс мұнымен шектелмейді. Баспасөз туры аясында журналистер Сырдария қырғауылы тұқымбағының жұмысымен де танысты. Қызылшаруа орманшылығы аумағында орналасқан бұл кешенде бүгінде 2 мыңнан астам қырғауыл өсірілуде.Сала мамандары сирек жануарларды сақтап қалу үшін стратегиялық маңызы бар жоба түзуді жоспарлап отырғандарын айтады.