Түркістан облысында үш күнге созылған халықаралық «Бірлік» жастар лагері өз мәресіне жетті. Еліміздің өзге де өңірлері мен Өзбекстан Республикасынан келген белсенді жастар бір шаңырақ астында жиналып, жаңа білім мен тың тәжірибеге қанықты.
«Бірлік» лагері – жастарды ортақ мүддеге біріктіретін көшбасшылар алаңы. Мұнда қатысушылар дипломатия, мемлекеттік басқару, цифрлық трансформация мен жасанды интеллект бағыттарында тәжірибелі сарапшылардың тренингтеріне қатысып, өз білімдерін шыңдады. Көпшілік алдында сөйлеу мен көшбасшылық қабілеттерді дамыту сынды сабақтар да жастардың ой-өрісін кеңейте түсті.
РУСЛАН ТОҚАТОВ, Е.БӨКЕТОВ АТЫНДАҒЫ ҚАРАҒАНДЫ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Өскелең ұрпаққа берілетін басты нәрсе-тәлім-тәрбие.Мемлекеттің ұстанған саясаты да осы бағытты қамтиды.Яғни осындай тренинг, жиындар арқылы жастарға дұрыс ілім мен білім бере аламыз.
Сонымен қатар, лагерь аясында ұлттық және зияткерлік спорт түрлерінен тартысты жарыстар ұйымдастырылып, қатысушылардың ептілігі мен ой ұшқырлығы сынға түсті. Ал мәдени-танымдық кештер әр өңірден келген таланттарды бір арнаға тоғыстырып, өзара сыйластық пен бауырластықты нығайтты.
ВАСИЛИНА ГОГИНА, ҚАТЫСУШЫ
Мен Алматы облысынан келдім.Бүгін керемет отырыс болды. Елдің әр өңірінен келген жастар ерекше уақыт өткізді.Қоғамдағы өзекті тақырыптар аясында тренингтер де өтті.Біз өзімізге керекті мәліметтерді алдық.
Бас қосуда жастар өз пікірін еркін айтып, қоғам дамуына қатысты тың бастамалар ұсынды. Бұл интеллектуалды шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ел бірлігінің дамуына тың серпін бермек.