Түркістан облысында экологияны қорғау бағытындағы жұмыстар жаңа қарқын алды. Бұл жолы табиғат жанашырлары мен журналистер бір мақсатқа бірігіп, Сырдария өзенінің жағасын қоқыстан тазартты. Жалпы саны 70-тен астам адам жұмылдырылған акция барысында Көксарай көпірі маңындағы өзен жағалауы толықтай тазартылып, табиғатқа зиян келтіретін тұрмыстық қалдықтар шығарылды.


Бұл жолы Сырдария өзенінің жағасы жаңа кейіпке енді. Қолдарына қап пен құрал алған табиғат жанашырлары аумақты күл-қоқыстан тазартып, өзен маңын ретке келтірді.


МҰХТАР ТӨЛИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР ЖӘНЕ ТАБИҒАТ ПАЙДАЛАНУДЫ РЕТТЕУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жалпы, табиғи парктің барлық қызметкерлері үнемі тазалық жұмыстарын жүргізіп тұрады.Айналаны тазартады, бүгінгі шараға 50-ден астам адам жұмылдырылды.Арасында БАҚ қызметкерлі де бар.


Аймақта экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары мұнымен шектелмейді. Биыл Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 7 мыңнан астам іс-шара өткізу жоспарланған. Қазірдің өзінде «Таза қала», «Таза ауыл», «Жасыл болашақ», «ТазаLIKE» экофестивалі, «Мөлдір бұлақ» сынды ондаған ірі акциялар ұйымдастырылып үлгерді.


ЕДІГЕ СЫЗДЫҚОВ, «СЫРДАРИЯ-ТҮРКІСТАН» МЕМЛЕКЕТТІК ӨҢІРЛІК ТАБИҒИ ПАРКІНІҢ ИНСПЕКТОРЫ
Бұл өңірде қызмет атқарып жатқаныма он жылға жуықтады.Айтарым, тұрғындар қарапайым ережелерді ескерсе екен деймін.Өзенге түсуге болмайды, бұл маңды от жағуға да тыйым салынады.


Нәтиже де жоқ емес. Өңір бойынша тазалық жұмыстарына 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, мыңнан аса арнайы техника жұмылдырылған. Мұның нәтижесінде 379 тонна қоқыс шығарылды.