Шымкентте қала күні мерекесі биыл да жоғары деңгейде өтті. Бірнеше күнге жалғасқан мәдени іс-шаралар легі Астана алаңында ұйымдастырылған ауқымды гала-концертпен түйінделді. Ашық аспан астында өткен думанды кешке мыңдаған көрермен жиналып, шат-шадыман көңіл-күйге бөленді.
Кеш барысында алаңға жиналған жұртшылық сүйікті әндерін қосыла шырқады. Әсіресе жастар қауымы мерекелік бағдарламаға белсене қатысып, думанды атмосфераны одан әрі қыздыра түсті. Сахна төрінде жергілікті өнерпаздармен қатар қазақ эстрадасының танымал орындаушылары да өнер көрсетіп, көрермен ықыласына бөленді.
СЫРЫМ ИСАБАЕВ, ӘНШІ
Осы шараны ұйымдастырған әкімшілікке айтар алғысым шексіз.Қала күнінде бізді халықпен қауыштырып, өнер көрсетуімізге жағдай жасап отыр. Халықтың да, біздің де көңіл-күйіміз керемет.
Екі күнге созылған мәдени шара шаһардағы өнер мерекесінің деңгейін айқындай түсті. Эстрада жұлдыздарымен бір толқында болған көрермендер әр туындыны қосыла шырқап, кештің сәнін кіргізді.
ӘСЕМ ЖАҚСЫБЕКОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Менің көңіл-күйім өте керемет. Екі күннен бері концертті тамашалауға келіп жатырмыз. Елге белгілі әншілер өнер көрсетуде. Біз де қосыла ән шырқадық, бүкіл қала жұрты осында қала күнін атап өтіп жатыр.
АРАЙ ТҰРСЫНБЕК, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Қала күні қарсаңында жанға жайлы жаңа саябақтар бой көтеріп жатыр. Әкімге рақмет, халыққа көңіл бөліп, осындай гала-концерт ұйымдастырып жатыр. Бүгін бір серпіліп қалдық.
Биыл қала күні мерекесі ерекше мазмұнмен есте қалды. Мереке қарсаңында шаһарда бірден төрт жаңа өндірістік кәсіпорын мен үш саябақ пайдалануға беріліп, мегаполистің даму қарқынына тың серпін берді.