Басы ауырып, балтыры сыздағандар жедел жәрдем шақырады. Ал фельдшерге қауіп төнсе, оған кім көмектеседі? Былтыр қызмет барысында 6 маманға шабуыл жасалған. Жыл басынан бері тағы 2 қызметкер қауіп астында қалып отыр. Өзгеге көмектесемін деп опық жеп жататын маман қауіпсіздігі енді күшейтіледі.
ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ
Енді денсаулық сақшылары полицейлер секілді кеудесіне бейнежетон тағып жүреді. Оған GPS орнатылған. Осы арқылы жедел жәрдемнің діттеген шақыртуға қанша уақытта барғаны, қандай жылдамдықпен жүргені бақыланады. Құрылғының дыбыс жазу мүмкіндігі бар. Яғни маманның науқаспен қалай сөйлескені, этика талаптарын сақтаған-сақтамағаны, ем-домды қаншалықты сапалы атқарғаны да қадағаланады. Басты мақсат -қызметкер қауіпсіздігі.
ГҮЛНӘР ҚҰРМАНБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ СТАНЦИЯСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ
Былтыр 6 маманға шабуыл жасалған. Ал биыл жыл басынан бері 2 шабуыл дерегі тіркелді. Шағым түссе, науқас мамандар маған дұрыс көмек көрсеткен жоқ деп арызданса, біз жетондағы видеоны ашып, қарап, жағдайды зерделейміз. Маманнан қателік кетсе, тиісті шара қолданамыз.
Мамандардың қызмет сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құрал еліміз бойынша әзірге тек Шымкентте іске қосылды. Шаһардағы 120 жедел жәрдем бригадасына 240 бірлік бейнежетон берілді.
ТАЛҒАТ ДӘУРЕНБАЙ, АҒА ФЕЛЬДШЕР
Қызметкер кеудесіне тағылған жетонмен бірге құласа немесе жетон жерге түсіп кетіп, күдікті жағдай орын алса, ЖИ полиция мен біздің диспетчерлерге бірден шабуыл деп хабарлама жібереді.
Шымкенттегі 120 жедел жәрдем бригадасында 1620 маман жұмыс істейді. Қызметкерлерді 167 автокөлік тасымалдайды. Жыл басынан бері ақ халаттылар 300 мыңға жуық шақыртуға барып, адам өмірін ажалдан арашалаған.