Енді мүмкіндігі шектеулі, бірақ қолынан іс келетін шымкенттіктер жұмыссыз қалмайды. Олардың қолөнер бұйымдары креативті индустрия басқармасы арқылы көрмеде сатылады. Бұл жергілікті азаматтарды қолдауға бағытталған бірегей жоба. Қалада Еңбек мобильділігі орталығы мен кәсіпкерлік басқармасы арасында арнайы келісім түзілді. Нәтижесі көңіл көншітеді.
Бұл келісім мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбегін елге танытып, табыс табуына жол ашпақ. Жоба аясында қолөнершілер өздерінің алғашқы бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, саудалай бастады. Жоба азаматтардың тең қоғамда өмір сүруіне жағдай жасауға бағытталған.
Сатылымға шыққан тауарлардың қатарында ұлттық нақыштағы әшекейлер, тұрмыстық бұйымдар, кәдесыйлар мен түрлі қолдан жасалған заттар бар. Алғашқы күннің өзінде-ақ тұрғындардың қызығушылығы жоғары болып, шеберлердің еңбегі лайықты бағасын тапты. Қолөнершілер үшін бұл тек табыс көзі ғана емес, өз қабілетін шыңдап, қоғамға қажет екенін сезінудің үлкен мүмкіндігі.
Жобаға қатысушылар қуаныштарын жасыра алмай, мұндай қолдаудың оларға жаңа серпін бергенін айтады. Екі тараптың ынтымақтастығы алдағы уақытта ауқымын кеңейтіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кәсіпке бейімделуіне және тұрақты жұмыспен қамтылуына оң ықпал етпек.