Шымкентте қала күні қарсаңында бірқатар әлеуметтік және қоғамдық нысандар пайдалануға берілді. Тұрғындар өтінішімен мәдениет үйі бой көтеріп, шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған гүлдер аллеясы жұмысын бастады. Сондай-ақ Shym City шағынауданында жаңа саябақ ел игілігіне берілді.
Текесу тұрғын алабында жаңа мәдениет үйі есігін айқара ашты. Әлеуметтік нысан жергілікті тұрғындардың өтініші негізінде бой көтерген. Шаһар басшысының тұрғындармен кездесуінде көтерілген бұл мәселе демеушілердің қолдауымен жүзеге асты. Енді мұнда түрлі үйірмелер ашылып, мәдени іс-шаралар тұрақты түрде өтеді.
ҚАЛИПА ЕСҚҰЛОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
Бұл жерден музыкалық үйірмелер ашылса, сондай-ақ шахмат үйірмесі ашылып, балалар ойнап жатыр екен. Немерелерім бар. Қалаға жіберіп, домбыраға қатыстырып келгенше уайымдап отырамын. Қазір мен шексіз қуаныштымын. Осындай сәулетті ғимарат салып беріп жатқандарға рақмет!
Астана шағынауданында бой көтерген гүлдер аллеясына инвесторлар 1 миллиард теңге қаржы салған. Жалпы аумағы 3 мың шаршы метрді құрайтын заманауи кешен гүл сатушыларды бір алаңға шоғырландырып, сауда қызметін жүйелеуге мүмкіндік береді. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған жоба аясында 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ.
ЕРМЕК ТҰРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
Қалада гүл сатумен айналысатын кәсіпкерлер өте көп. Бұрын әр жерде шоғырланған. Енді бір орталыққа жинақталу арқылы олардың бәсекеге қабілеттілігі артады. Тұтынушылар да қажетті өнімді бір жерден таба алады.
Шаһардағы ірі демалыс орындарының бірі – «Shym City» саябағының үшінші кезеңі аяқталды. Жоба аясында 4,2 гектар аумақ толық абаттандырылып, жасыл желекпен көмкерілді.
БҰХАРБАЙ ПАРМАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ
Көріп отырсыздар, балаларға арналған ойын алаңшалары көптеп ашылып жатыр. Бұл – заман талабына сай жасалған жобалар. Сонымен қатар тұрғындардың сұранысына сәйкес жүзеге асырылуда. Абаттандыру, суару және күтіп-баптау жұмыстары толықтай тиісті басқармаға жүктеледі.
Жауаптылардың айтуынша, қала күні қарсаңында пайдалануға берілген бұл нысандар мегаполистің әлеуметтік дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.